Қызылордадағы шағын тоннажды мұнай өңдеу зауытында өрт шықты

Қызылорда қаласында орналасқан шағын тоннажды мұнай өңдеу зауыттарының бірінің аумағында әрқайсысының сыйымдылығы 60 тонна болатын екі резервуар өртенді. Резервуарларда жалпы көлемі 120 тонна мұнай өнімі болған.

Видеодан кадр/ТЖД

Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде резервуарлар ашық жалынмен жанып жатқан.  Өртке оранған екі резервуардың жанындағы тағы үш резервуарға өрт таралу қаупі туған.

Ведомсвто ақпаратынша, өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да қызметтердің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Көршілес резервуарларды қорғау үшін тасымалды лафеттік оқпандар беріліп, көбікпен шабуыл жасалды. Қосымша өрт сөндіру пойызы тартылды.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның таралуына жол берілмей, жанындағы үш резервуар зақымданған жоқ. Өрт 200 шаршы метр аумақта толық сөндірілді», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Зерттеу жүргізу үшін өрт сынақ зертханасы тағайындалды.