Қызылордада Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті
Бүгін Қызылордада Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру, атап айтқанда, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеуді дамытуға көшу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, экономика салаларын басқаруға цифрлық технологияларды енгізу және өңірлік ғылымның рөлін күшейту мәселелері талқыланды.
Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, онлайн форматта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академия президиумының мүшелері, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, жетекші зерттеу институттары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиында «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтіп, су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қайта өңдеу саласын ғылыми тұрғыдан қолдау және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.
«Президентіміз ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық деп атаған болатын.
2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілді.
Соңғы үш жылда ғылымды дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды. Былтырдың өзінде 1 млрд 300 млн теңге бөлініп, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты. Қазір 400-ден астам маман кәсіпорындарда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстармен айналысады. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 7 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.
Бүгінгі жиында айтылатын ұсыныстар мен көтерілетін бастамалар аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Ұлттық ғылым академиясы президиумының көшпелі отырысына сәттілік тілеймін!», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Басқосуда ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың және жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі. Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін перспективалы әрі тиімді дамытуға бағытталған қарар мен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Айта кету керек, көшпелі отырыс аясында кеше форсайт-сессия өтіп, академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау әдістерін үйретті. Ал бүгін облыс кәсіпорындарында кеңінен енгізуге дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды.