Қызылордада бір күнде 600 отбасы баспаналы болды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының қатысуымен сол жағалаудағы 10 тұрғын үй кешеніндегі 600 пәтерді иелеріне табыстау рәсімі өтті.
Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы кейінгі жылдары ерекше қарқынмен дамып келе жатқан аумаққа айналды. Мұнда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің саны жыл сайын артып келеді. Заманауи урбанистикалық шешімдер негізінде жайлы әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан.
Бүгінде сол жағалауда 169 нысан бар. Оның ішінде 136 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны жұмыс істеп тұр.
Қазіргі уақытта мұнда 47 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 25-і – көпқабатты тұрғын үй, 20-сы – кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ бір аурухана мен бір емхана салынуда. Тұрғындардың қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірін салу жоспарланған.
Жаңа шағын аудан тұрғындарының саны 25 мыңнан асты. Мұнда мектептер, балабақшалар мен сауда орындары халық сұранысына сай қызмет көрсетуде. Қоғамдық көлік те үздіксіз қатынайды. Бүгін кілті табысталған жаңа үйлердің тұрғындары да сол жағалаулықтар қатарына қосылды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аймақ басшысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы “Қолжетімді баспана – арман емес, азаматтарымыз алдындағы міндетіміз” деген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз.
Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол алаңы, төрт спорт және ойын алаңы, тынығу аймағы, 250 орындық автотұрақ және үш коммерциялық нысан орналасқан. Алдағы уақытта да шаһар келбетіне сән беретін заманауи тұрғын үйлер бой көтереді.
Меншікті баспана – тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін», – деді Мұрат Ергешбаев.
Облыс әкімі бұл жобалардың өңірдегі құрылыс саласының әлеуетіне және құрылысшылардың кәсіби деңгейінің артуына оң әсер еткенін атап өтті.
Қызылордадағы тұрғын үй құрылысының қарқыны өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен де, ай сайын өтіп жатқан қоныстойлардан да байқалады. Бұл тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2400 пәтер табыстау үшін бюджеттен 55 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетұлы сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Зәкірұлы ақ батасын берді. Тұрғын үйлерді сапалы салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.