«Қызылорда – Семей» бағытындағы жолаушылар пойызынан өрт шықты
Жолаушылар пойызынан өрт шықты.
Алматы, NEGE. Жамбыл облысында жолаушылар пойызынан өрт шығып, 34 адам қауіпсіз аумаққа көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
«8 қазан күні сағат 02.45-те көлік полициясына Жамбыл облысындағы «Бурный - Сұрым» өткелінде «Қызылорда – Семей» бағытындағы жолаушылар пойызының электрқондырғы бөлмесінде өрт болғаны жөнінде хабарлама түсті.
Оқиға орнына көлік полициясының жедел-тергеу тобы жетіп, өртенген вагонның екі жағын дереу ағытты, 34 жолаушыны қауіпсіз вагондарға шығарды», - делінген мәліметте.
Полиция ақпаратына сүйенсек, пойыз бригадасымен бірлесіп, көлік полициясы патрульдік нарядының қызметкерлері Шамиль Керімбаев пен Ержан Майсупов кәсіби шеберліктерін көрсетіп, адам өміріне араша түсті.
«Бірлескен іс-шараның нәтижесінде жолаушылар зардап шеккен жоқ. Аталған факті бойынша тергеу басталды», - деп нақтылады полициядан.