Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірді деген күдікпен 13 адам қамауға алынды

Қаржы мониторингі агенттігі Қызылорда облысы Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленгенін хабарлады.

Видеодан кадр/ҚМА

Астана, NEGE. Күдіктілерді ұстау операциясын Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізген.

Тергеу дерегінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірілген. 

Заңсыз әрекетті жасыру үшін топ мүшелерінен аумақ айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған.

Топтағы өзге адамдар алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, енді біреулері тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Өндірілген алтын Алматыда сатылып, одан түскен ақшаны топтағы адамдар өзара бөлісіп отырған.

«Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленді. Сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды», – деп хабарлады ҚМА өкілдері.

Нәтижесінде 13 адам қамауға алынды.