Қызылорда облысында учаскелік инспектор қаза тапты: күдіктіге іздеу жарияланды

31 тамызда Қызылорда облысының Арал ауданында учаскелік полиция инспекторы кісі қолынан қаза тапты.

Gov.kz

Астана, NEGE. 1988 жылы туған ер адамның мәйіті 1 қыркүйек күні таңертең жеке үйдің ауласындағы гараждан табылған. Әлеуметтік желіде күдіктіге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады.

Қызылорда облысының полиция департаменті қызметкерінің қаза тапқанын растады. Полицейлердің хабарлауынша, ер адам жанжал кезінде учаскелік инспекторға дене жарақатын келтіріп, салдарынан полицей көз жұмған. Оқиға болған кезде полиция қызметкері еңбек демалысында жүрген.

Марқұм болған полицейдің күдіктіні бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқаны мәлім болды. Сондай-ақ оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған.

 Күдіктінің жеке басы анықталды, қазіргі уақытта полиция оны ұстау бойынша арнайы шараларды жүргізіп жатыр.