22 декабря 2025 г. 14:57

Қызылорда облысы шегірткемен қалай күреседі?

Фото: pixabay.com

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте шегірткемен күрес жұмыстары қалай жүргізілгенін айтып берді.

Астана, NEGE. БАҚ өкілдері көктемде Арал ауданы маңындағы бірнеше елді мекенде шегіртке қаптағанын, оның тұрғындарға қиындық әкелгенін айта келе, өңір басшысынан осы жағдай келер жылы да қайталанбауы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, өткен жылы шегіртке облыс аумағына Ақтөбе жақтан тараған. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шегірткелер толығымен жойылған.

«Өткен жылы Ақтөбемен шекаралас ауылдарда шегіртке көбейді. Бірақ дер кезінде жұмыстар істелді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзі бірнеше рет келді. Сол жұмыстың барлығы орындалғанша комитеттің төрағасы істің басында болды. Біз залалсыздандыру жұмыстарын дер кезінде жүргіздік. Барлық күш жұмылдырылды. Оның барлығы жойылды», – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ ол шегіртке қаптауының алдын алу үшін өңірде қандай дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтып берді.

«Өмір болғаннан кейін келесі жылы (шегіртке – ред.) болмайды деп нақты айту қиын. Келесі жылы не болатынын ешкім білмейді. Болдырмау үшін, әрине, жұмыс жасалып жатыр. Былтыр залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, өкінішке қарай, биыл қаптады. Қаптап еді қайтадан жойдық, залалсыздандыру жұмыстарын бірнеше рет жүргіздік», – деді Нәлібаев .

Ол шегіртке ошақтары бар екенін, оны жою бойынша ерте көктемде тағы жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.