Қыжыртпа. Көлгінов мұндайды көрген жоқ

«Қазгидромедтің» ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының бастығы Алуа Саханова қызық мәлімет айтты. Мұндай қалың қар Арқада 1964 жылдан бері жаумапты. Ендеше, осыншама тау-тау қарды Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгіновтің өмір-ғұмырында көрмегеніне бәс тігеміз. Қайдан көрсін, биылғыдай қалың қар 56 жыл бұрын жауды, ал Көлгінов 42 жасқа 15 қаңтарда ғана толды...

«Осы жұрт та қызық кейде, бас қаланың әкімі жұмыс барысымен Мемлекет басшысына еріп Әмірліктерге барып еді, жабыла жөнелгені несі?!» деп ойлағанбыз басында. «Қаланы қар басып жатқанда қаңғып жүр...», «Әкім Дубайға демалуға кетіпті...», «Президент «бармай-ақ қоясың ба» деген екен, Көлгінов балаша бұртиып отырып алыпты...» деп әкетті дейсің! Сөйтсек, жұрттың сөзінде де жан бар сияқты.

Әкімнің өзі Дубайға не үшін барып келгенін «Қазақ радиосына» тікелей эфирде берген сұхбатында және «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтқандай болған, бірақ...

Көлгінов «Ерігіп жүрген ешкім жоқ, «Абу-Даби Плазаны» қалай тезірек бітірудің жолын арабтардан үйреніп келдім!» дер ме екен деп күткенбіз. Олай емес екен. Әкім бүй деді: «Қазір дүрбелең жасауға себеп жоқ, бұл – табиғат. Түнде сағат 23:00-ден бастап түнгі үшке дейін қаланы аралап шықтым. Барлық жерде қар тазалап жатыр. Өзім тексердім. Полигонда да болдым. Ол жерде де жұмыс жүріп жатыр. Боран басылған соң да жұмыс жалғаса береді. Ең алдымен әлеуметтік нысандарды тазалау керек. Қалада 50 миллиметр қар жауды. Бұл – көп. Қалыптысы бар-жоғы 16 миллиметр болуы керек. Қол қусырып отырған жоқпыз, жұмыс істеп жатырмыз».

Әне, көрдіңіз бе, әкім Дубайға не үшін барғанын, не үйреніп қайтқанын ашып айтпаса да, 50 миллиметрлік қарды өмір-ғұмырында көрмегенін мойындап отыр. Мойындаудың қай-қайсысы да жақсы ғой.

Айтпақшы, қу тілділер әлеуметтік желіні қармен «қайнатып» жатыр әлі. Биылғы қыстың тренді ақшақар болғанын білетін шығарсыз. Нұр-Сұлтанның Ботаникалық бағында ерінбейтіндер қардан 300 «Терракот әскерін» соғып еді, оны «Шыңғыс ханның 20 жастағы ұрпағы» қиратып шықты да, өзі «тұтқынға» түсті. Бұл да – есте қаларлық оқиға.

Ал енді Көлгіновтің «ақшақармен» күресі әзірге Nege.kz порталының карикатурисі Ғалым Смағұлұлы суреттегендей болып тұр. Бірақ Көлгінов көктем шыға «ақшақарды» бәрібір жеңетініне бек сенімді...

Қазір оқып жатыр

Таяу Шығыстағы соғыс: Тоқаев келіссөздерді Түркістанда өткізуді ұсынды

«Бірінші кредиттік бюро» басшылығына қатысты тергеу аяқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

21 наурыз – «Ынтымақ күні»