«Қызғаныштың кесірі»: Жамбыл облысында медицина қызметкері қаза тапты

Жамбыл облысында 29 жастағы Думан есімді медицина қызметкерінің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. 

threads.com/@gul.s0212

Астана, NEGE. Оқиғаның жай-жапсарын Threads желісінде марқұмның туысы баяндап берді. Оның айтуынша, медицина қызметкерінің өліміне қызғаныш себеп болған. Марқұм ауруханада жұмыс істеп жүргенде бір емделушінің бұрынғы күйеуі оған бірнеше рет хабарласып, намысына тиетін сөздер айтып, кездесуге шақырған.

Туыстарының айтуынша, Думан сөйлесіп, жағдайды шешу үшін кездеспек болған. Жолда оның көлігін әлгі жігіттер тоқтатып, амандаспақ болып қолын созған кезде, басынан ұрып құлатқан. Кейін оны үш адам көліктің жүксалғышына салып, Аса өзенінің жағасына апарып, адам танымастай етіп ұрған. Жазба авторы болған жайтты көрген куәгерлер бар екенін айтады.

Ұрып-соққаннан кейін жігіттер Думанды өз көлігімен ауруханаға жеткізген, ал медицина қызметкерлеріне оны «көшеден тауып алғанын» айтқан.

Облыстық полиция қызметі бұл іс «адам ұрлау» және «жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет» баптары бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.

«Күдікті қамауға алынды. Оқиғаға өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғы анықталуда», – делінген полиция хабарламасында.

Марқұмның туыстарының айтуынша, шабуылға қатысқан үш адамның үшеуі де бастапқыда ұсталғанымен, кейін екеуі босатылған. Полиция бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ.

Тергеу барысын Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығы бақылауға алған.

«Қызғаныштың кесірінен мен бауырымнан, екі кішкентай қыз әкесінен айырылды. Думан мен емделуші әйелдің арасында ешқандай қатынас болмаған, телефондағы жазбалар тек емдеу барысы бойынша болған. Бұрынғы әйелі де мұны растап отыр. Думан үш күннен кейін қызын қырқынан шығарып, өзі 30-ға толу керек еді. Кішкентай қызы әкесін танып та үлгермеді», – деп жазады марқұмның туысы.

Марқұмның туыстары оның өліміне қатысы барлардың барлығының қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.