Kizdar.net сайтын құрушылар 6 коммерциялық нысан мен қымбат мүліктерге иелік еткен

Атышулы Kizdar.net сайтын құрушылар ұсталғаннан кейін қалалық полиция өкілдері күдіктілер қандай мүлікке иелік еткені жөнінде мәлімет берді.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Тергеу мәліметінше, күдіктілердің меншігіне шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін 8 компания, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы қымбат жылжымайтын мүлік тіркелген.

Атап айтқанда, олардың иелігінде:

  • 5 пәтер;
  • 6 коммерциялық нысан;
  • 6 коттедж;
  • 10 жер телімі;
  • 6 автотұрақ орны;
  • 11 люкс санатындағы автокөлік болған.

«Қылмыстық жолмен алынған мүліктің тәркіленуін қамтамасыз ету және оны заңдастыру белгілерін анықтау мақсатында күдіктілер мен олармен байланысты компаниялардың мүлкіне қатысты мәмілелер жасауға тыйым салынды», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, 16 маусымда Алматы прокуратурасы Kizdar.net интернет-ресурсының болжамды ұйымдастырушылары ұсталғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, сайт он бес жылдан астам уақыттан бері жарнама орналастыру және ақылы интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін пайдаланылған. 

Күдіктілер сот шешімімен қамауға алынды. Сондай-ақ олардың 2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқаны мәлім болды.