Қытайлық инвесторлар Қазақстанда авиациялық отын өндірісін іске қоспақ

Қазақстанда майлы дақылдардан авиациялық отын өндіру жобасын іске қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Air Astana

Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, жобаны Alatau City әкімшілігі мен қытайлық Full Vision Capital компаниясы бірлесіп пысықтап жатыр. Бастама ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру аясында қолға алынған.

«Крахмал, аминқышқылдары, глютен, жемшөп қоспалары және жоғары қосылған құны бар өзге де өнімдерді өндіретін алты ірі жобамен қатар, Alatau City әкімшілігі қытайлық Full Vision Capital компаниясымен бірлесіп майлы дақылдардан авиациялық отын өндіру жобасын әзірлеп жатыр», – деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, биыл Жамбыл облысында қытайлық Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеу жобасын іске қосуы да ерекше бақылауда тұр. Сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға жемшөп ұнының экспорты айтарлықтай артқан.

«Төртінші және бесінші сыныпты астықты өңдеуге мүмкіндік туды әрі оған тұрақты экспорттық сұраныс қалыптасты. Соның нәтижесінде жемшөп ұнының экспорты 2,4 есеге артып, шамамен 3 млн тоннаға жетті», – деді Азат Сұлтанов.

Бұдан бөлек, Қазақстанның астық пен ұн экспорты да өсіп отыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 шілдеге дейін астық және астық баламасындағы ұн экспорты 13,9 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға көп. Былтыр осы кезеңде шетелге 12,4 млн тонна өнім жөнелтілген еді.

Азат Сұлтановтың айтуынша, қазақстандық өнім Марокко, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және бірқатар Еуропа елдерінің нарығына шықты. Сонымен қатар Әзербайжан, Грузия және Түркияға экспорт қайта жанданды.