Қытайға кіру ережелері өзгереді: FlyArystan жолаушыларға үндеу жасады

FlyArystan әуе компаниясы Қытайға сапарлауды жоспарлаған жолаушыларға иммиграциялық бақылаудан өту кезінде құжаттарды тексеру рәсімі әдеттегіден ұзағырақ уақыт алуы мүмкін екенін ескертті.

magnific.com

Астана, NEGE. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қытайға кіру және шығудың жаңартылған ережелері күшіне енеді.

«Қытайға баратын немесе елден ұшып шығатын жолаушыларға сапарға қажетті құжаттардың, соның ішінде төлқұжаттың болуын және жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, Қытай Халық Республикасына кіру және одан шығудың қолданыстағы талаптарымен танысу ұсынылады», – делінген хабарламада.

Бұған қоса FlyArystan өкілдері жолаушыларға әуежайға ұшуға дейін кемінде 3 сағат бұрын барып, бақылаудан өтуге қосымша уақыт қарастыруға кеңес береді.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим қолданылады. Қазақстан Республикасының азаматтары Қытай аумағында бір сапар аясында 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз тұрақтай алады.