23 июля 2024 г. 14:35

Қытайдың жоғары оқу орындары NU-мен ынтымақтас орнатуға мүдделі

Фото: Фото: НУ

Қытайдың беделді Nanjing University және Tsinghua University басшылығы мен студенттері NU кампусымен, жоғары технологиялық зертханаларымен танысып, университет басшылығымен кездесті.

NU 1902 жылы негізі қаланған Қытайдағы беделді оқу орының бірі (Нанкин университетінің Nanjing University – NJU) делегациясын қабылдады. NU базасында өткен айтулы кездесу екі жетекші университет үшін халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндігін ашты. Нанкин университеті кеңесінің төрағасы, NJU-дің жасанды интеллект және кескіндерді өңдеу саласындағы жаһандық сарапшысы, профессор Тиеню Тан бастаған мәртебелі қонақтарды NU докторы Илесанми Адесида және Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы доктор Гонсало Ортелано қарсы алды.

Фото: НУ

Кездесу алдымен 2024 жылға арналған Times Higher Education әлемдік университеттер рейтингі бойынша бүгінде үздік халықаралық зерттеу университеттерінің ТОП 30-дығы қатарына кіретін NU кампусының көрікті жерлерін аралаудан басталды. Одан кейін ғалымдар мен зерттеушілердің пікірталасына ұласқан басқосу болды. Екі тарап университеттер арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылап, студенттер мен оқытушылардың білім алмасу бағдарламаларын ілгерілетуден бастап, өзара мүдделі салалардағы бірлескен ғылыми жобаларды бастау жайында да әңгіме етті.

Nanjing University кеңесінің төрағасы, профессор Тиеню Танг: «Мен кампустағы мүмкіндіктерге қатты таң қалдым. Алдыңғы қатардағы озық технологиялар мен ресурстарды біріктіру оқытушыларға да, студенттерге де жетістікке ұмтылуына қолдау көрсетеді. Біз болашақ ынтымақтастықтың жүзеге асып, теңдесі жоқ оқу орнының алдағы уақытта да табысты болуына тілектестік білдіреміз», – деді өз пікірінде.

NU және NJU өкілдері әртүрлі пәндер бойынша білім алмасуға және студенттер мен оқытушылардың білім беру және зерттеу тәжірибесін байытуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға ұмтылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Tsinghua University-нің он екі студенті NU базасындағы ғылыми жобаға қатысуда. Tsinghua University 1911 жылы Бейжіңде негізін қалаған. Оның стратегиясы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ал студенттер үшін NU кампусы бойынша экскурсия өткізілді. Олар әуелі кампус пен кітапхананы аралап, электронды микроскопия ғылыми зертханасы мен цифрлық киіз үйдегі ғарышты зерттеуге арналған бейне тәжірибені тамашалады.

Фото: НУ

NU-ға жолы түскеніне қуанып, өз әсерімен бөліскен Бейжіңдегі Цинхуа университетінің PhD докторанты Лян Шэн: «Маған NU-ға жасаған сапарым өте ұнады. Өзім қоршаған ортаны зерттеу мен химиялық инженерия саласындағы жетістіктер туралы құнды түсінікке ие болдым. Зертханалар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған және оқу бөлмелерінің бір-біріне ұқсамайтындығы толыққанды мақсатты жұмыс істеуге тамаша жағдай жасайды», – деді.

Бұл сапар халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасуға ықпал ететін, ғылыми зерттеуге ден қойған оқытушылар мен студенттер үшін таптырмас көпір болды. Ең бастысы, бұл болашақта NU мен Қытайдың университеттері арасындағы тиімді ғылыми серіктестікке даңғыл жол ашуы мүмкін.