Қытай Украинаның айыптауларына жауап берді
Қытай билігі Киевтің Қытай Ресейге қару жеткізуде деген айыптауын жоққа шығарды, деп хабарлады DW сайты.
Алматы, NEGE. Қытай Халық Республикасы шындыққа сәйкес келмейтін айыптаулар мен саяси манипуляцияларды жоққа шығарады, - деді ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь.
Оның айтуынша, Қытай ешқашан Украинадағы қақтығыстың ешбір жағына өлімге әкелетін қару түрлерін жеткізбеген. Сонымен қатар, екі мақсатта қолданылатын (азаматтық және әскери) тауарларға қатаң экспорттық бақылау жасалатыны атап өтілді.
Дәл осы күні, 18 сәуірде, Украина президенті Владимир Зеленский Қытайдың үш компаниясына қарсы санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
Бұған дейін Зеленский украиналық барлау деректеріне сүйене отырып, Қытай Ресейге артиллериялық қару мен оқ-дәрі жеткізіп жатқанын мәлімдеген еді. Ол Қытай басшысы Си Цзиньпиннің бұған дейін өзімен сөйлескенде «қару сатылмайды» деп уәде бергенін еске салды.
Зеленскийдің айтуынша, 8 сәуірде Донецк облысында украин сарбаздары екі қытайлықты тұтқынға алған. Олар Ресей армиясының құрамында соғысқан. Осыдан кейін президент Сыртқы істер министріне Пекинмен байланыс орнатып, Қытай тарапының бұл жағдайға қалай қарайтынын нақтылауды тапсырған.
11 сәуірде Зеленский «Ресей армиясында бірнеше жүз қытай азаматы бар» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл – Мәскеудің соғысты өз азаматтарынан бөлек, шетел азаматтарының есебінен де жалғастыруға дайын екенін көрсетеді.
Алайда Қытай бұл айыптауларды қатаң түрде теріске шығарды. СІМ өкілі Линь Цзянь Зеленскийдің мәлімдемелерін «жауапсыз» деп атап, Қытай билігі өз азаматтарына шетелдік қарулы қақтығыстарға қатыспауға кеңес беретінін айтты.