Қытай АҚШ-тың жаңа баж салығына қарсы жауап берді
Қытай АҚШ енгізетін 100 пайыздық баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Алматы, NEGE. "Әр мүмкіндікте Қытайға жоғары баж салығын енгіземін деп қоқан-лоққы жасау – өзара қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілі емес. Егер АҚШ осы бағыттан таймаса, Қытай өз заңды мүддесін қорғау үшін шешімді жауап шараларын қабылдайды", – делінген хабарламада.
Мәлімдеме Трамптың Қытайдың сирек кездесетін металдарға экспорттық бақылауды күшейту жөніндегі шешіміне қатысты реакциясына жауап ретінде жасалды. Қытай тарапы бұл шараларды "ұлттық заңдар мен халықаралық ережелерге сай қалыпты қадам" деп санайды.
Бейжің Вашингтонның "ұлттық қауіпсіздік" ұғымын асыра пайдаланып, Қытайға қатысты біржақты және дискриминациялық саясат жүргізіп отырғанына назар аударды.
"АҚШ-тың экспорттық бақылау тізімінде 3 мыңнан астам тауар бар, ал Қытайда бұл сан 900-ге жетпейді. Мұндай әрекеттер халықаралық сауда тәртібін бұзып, жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына елеулі нұқсан келтіреді", – деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ министрлік АҚШ-тың Қытайдың "ізгі ниетін елемей, оның мүддесіне нұқсан келтіріп отырғанын" атап өтті.
"Қытай тарифтік соғысты қаламайды, бірақ онан қорықпайды. Біз АҚШ-ты өз қателігін дереу түзетуге шақырамыз. Екі ел айырмашылықтарды ескере отырып, сауда-экономикалық қатынастарды тұрақты әрі өзара тиімді бағытта дамытуы қажет", – делінген мәлімдемеде.