Қытайлар жаңажылдық отшашудың экологиялық баламасын ойлап тапты
Фейерверктердің отанында отшашудың орнына дронды пайдаланды.
Алматы, NEGE.
Шанхай қаласында жаңа жыл түнінде аспанға әдеттегідей отшашу атылмады. Қаланың түнгі аспанын әуеге көтерілген 2 мың дрон түрлі-түсті бейнемен көмкерген. Бұл шараны ұйымдастырған компания өкілдері шоуды, 28 желтоқсан күнгі тексеру кезінде бейнежазбаға жазып алғандарын хабарлайды.
2020 жылды қарсы алу қарсаңында әлемде жаңажылдық отшашулардың адам мен қоршаған ортаға зияны туралы пікірталас күшейіп кетті.
Алапат орман өртінің құшағында қалған Австралия азаматтары Сиднейдегі дәстүрлі отшашуға қарсылық білдірді. Тұрғындар онсыз да түтін басқан ауаны қосымша ластамауды, фейерверк шоуға кететін ақшаны тілсіз жаумен күреске жұмсауды талап етті. Бірақ қала билігі жаңажылдық отшашудан бас тартпады.