Қытайдағы вирус өршіп барады
Қытайда белгісіз вирусты жұқтырғандар саны артып жатыр. Қытайда өкпе ауруына шалдықтыратын вирустың жаңа түрі адамнан адамға жұғатынын анықтады.
Алматы, NEGE. Қытай мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті сарапшылары дәлел келтіретін екі оқиға тіркелді деп мәлімдеді 20 қаңтарда. Олардың айтуынша, науқастармен байланыста болған 14 медицина қызметкері белгісіз вирусты жұқтырған. Ғалымдар әзірге вирустың қайдан тарап жатқанын нақты айта алмай отыр.
Дүйсенбі күнгі таралған ресми мәліметке сәйкес, белгісіз вирусты жұқтырған 220 адамның үшеуі қайтыс болған. 20 қаңтардағы мәліметке сәйкес, 25 адам ауруханадан шығарылған, 170-і емді жалғастырып жатыр. 35 науқастың жағдайы ауыр. 9 адам хал үстінде.
2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытай билігі Ухань қаласында шыққан беймәлім пневмонияның өршуі туралы хабарлады. Алдын ала анықталған ауру қоздырғышы коронавирустың жаңа түрі болды. Вирус Қытайдан асып кетті. Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ және Таиландта осы ауру түрін жұқтырғандар тіркелген. Ал жұқтыруға күдікті жағдайлар Сингапурда, Гонконгта және Аустралияда анықталды. Қытай билігі вирус адамнан адамға жұққанын ресми түрде растады.