Қытайда коронавирус қайта өршіді
Қытайда коронавирустің дельта штамы өршіп барады. Қауіпті дерт елдің 27 шаһарында тіркеліп отыр.
Алматы, NEGE. Соңғы тәулікте кеселге 84 адам шалдыққан. Олардың жетеуі Ухань қаласында. Вирустың дельта түрі Бейжіңде де кең етек жайып барады. Жергілікті билік вирустың жаңа штамын тежеу үшін қандай шараларды қолға алып жатыр? Қазірдің өзінде ауру құтырған өңірлермен көлік қатынасы тежелді. Автокөлікпен қатынайтындар Бейжіңге кірер алдында ПТР тесттің теріс нәтижесін көрсетуі керек. Сонымен қатар тұрғындар індет тіркелген өңірлерден келетін болса міндетті түрде бұл туралы тұрғылықты мекен-жайы бойынша хабардар етуі тиіс.
Бейжің екі әуежайдағы санитарлық талаптарды қатаңдатты. Шаһарға кірер жолда да бақылау күшейтілді. Ел астанасы мен вирус тіркелген өңірлер арасында тұрғындардың қозғалысы шектелді. Сонымен қатар автобус, теміржол мен әуе рейстердің қатынасы уақытша тоқтатылды. Шаһардың қоғамдық орындарында маска тағу режимі қайта қолға алынды. Сауда орындары мен кей тұрғын үй кешендеріне кірер алдында дене қызуы өлшенеді. Ал келесі аптада мектептерде басталатын оқу кейінге шегерілді. Белгілі болғандай, вирус Бейжіңге туристік аймаққа айналған Чжанцзяцзеден келген. Ал ол жерге Нанкин қаласынан келді. Қазір Чжанцзяцзеде локдаун жарияланды. Саяхатшылар баратын жерлер жабық. Ондағы туристер енді аймақтан 3 мәрте тест тапсырғаннан кейін ғана шыға алады. Ал жергілікті билік вирустың қаншалықты қауіпті екенін қайта-қайта ескертіп отыр.
Қытайда 1 млрд 670 млн доза вакцина егілді. Алайда ұжымдық иммунитет жайында айту әлі де болса ерте. Ел тұрғындарының әзірше 40 проценті ғана егілген.