Қытай дәрігерлері Қазақстандағы миссияcын аяқтады
Қытайлық дәрігерлер Қазақстандағы өздерінің жұмыстарын аяқтап, үйлеріне оралды. Медицина қызметкерлері тобының Қытайға қайтуын Қазақстан Әскери әуе күштері әскери-транспорттық авиация күшімен жүзеге асырды.
Алматы, NEGE. 10 қытайлық дәрігерден құралған топтың 9 сәуірден басталған елімізге сапары 15 күнге созылды. Осы уақыт ішінде бұл мамандар медициналық мекемелерге барып, семинарлар, тренингтер мен конференциялар аясында қазақстандық әріптестерімен коронавирустық инфекцияның алдын алу мен COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу, инфекцияны жұқтырған адамдарды анықтау алгоритмі мен оларды оқшаулау, эпидемиологиялық зерттеулер әдістері, медициналық персоналдың диагностикадан өтуі мен олардың инфекцияны жұқтыруларын болдырмау туралы тәжірибелерімен бөліскен еді.
Аталған шараларға әскери дәрігерлер де қатысқан болатын. Қазіргі таңда Қазақстандағы әскери медициналық персонал коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу және қауіпті инфекциямен күрестегі қажетті көмекпен айналысуда.