Қыркүйектен бастап Бозжыра шатқалына кіру ақылы болады

Маңғыстау облысында 1 қыркүйектен бастап ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу тарифі өзгереді. Тиісті қаулыны облыстық әкімдік 20 шілдеде бекіткен.

Жаңаөзен қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Өзгерістер «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мен «Бейнеу» ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемені қамтиды. Жаңа тарифтер қолданылатын танымал орындардың қатарына Бозжыра, Тұзбайыр, Қызылқұп шатқалдары және Боқты тауы кірген.

Тізімде туристік соқпақтарды пайдалану, кемпингтерде орналасу, көлікпен кіру, сондай-ақ фото және бейнетүсірілім жасау үшін бөлек тарифтер қарастырылған. Алайда дрон ұшыруға тыйым салынады.

Қызмет құны айлық есептік көрсеткішке (АЕК) негізделіп есептеледі:

  • 20 адамға дейінгі топқа экскурсия ұйымдастырушының қызметі – тәулігіне 1,8 АЕК (7 785 теңге);
  • жолсерік қызметі – 0,9 АЕК (3 893 теңге);
  • шатырды жалға алу – 0,7 АЕК (3 027 теңге);
  • жатын қапшықты ұсыну – 0,3 АЕК (1 298 теңге);
  • 16 адамға дейінгі топқа арналған Газель NEXT көлігін жалға алу – тәулігіне 15,9 АЕК (68 768 теңге);
  • көлікті тұраққа қою – 0,2 АЕК (865 теңге);
  • орын саны 32-ге дейінгі автобустардың кіру ақысы – 5 АЕК (21 625 теңге);
  • орын саны 32-ден жоғары автобустардың кіру ақысы – 7 АЕК (30 275 теңге);
  • табиғи және тарихи-мәдени мұра нысандарында кино және бейнетүсірілім жасау – тәулігіне 8,7 АЕК (37 628 теңге);
  • фототүсірілім – тәулігіне 4,4 АЕК (19 030 теңге).
  • мотоцикл, мопед, квадроцикл кіргені үшін – тәулігіне  0,4 АЕК (1 730 теңге);
  • жеңіл автомобиль – 0,7 АЕК (3 028 теңге);
  • шағын автобус/жүк көлігі – 2,7 АЕК (11 678 теңге);
  • автобус –5 АЕК (21 625 теңге).

Кейбір келушілер санатына аталған қызметтер тегін көрсетіледі. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген басқа да ардагерлер бар.

Ал мектеп жасындағы балаларға – 50%, күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 25% жеңілдік қарастырылған.

Шетел азаматтарына тариф мөлшерлемесі екі есе жоғары болады.

Қызметтерге ақы төлегені туралы растайтын құжат (қағаз және электронды түрде) келушінің аумақта болу мерзімі аяқталғанша сақталуы тиіс.

Қаулыда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі де бекітілген.