15 декабря 2019 г. 15:16

Кірісі төмен азаматтарға қарыз берілмейтін болды

2020 жылғы 1 қаңтардан кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз азаматтарға қарыз беруге тыйым салынады. Бұл жайында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты. 

Алматы, NEGE. Ұлттық банк төрағасының атап өтуінше, соңғы жылдары байқалған тұтынушылық кредиттеудің қарқынды өсуі бүгінгі күні баяулады. «Тұтынушылық кредиттеудің кепілсіз сегментіндегі берешектің өсуі 2017-2018 жылдары жылына сәйкесінше 31 және 28 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың 10 айында кепілсіз тұтынушылық қарыз портфелінің өсуі небәрі 8 пайыз болды. Осы кезең ішінде қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 16 пайызға өсті. Бұл кепілсіз қарыздар бойынша берешектің өсуінен екі есе көп.

Жеке тұлғаларды кредиттеу нарығының шамасы бойынша Қазақстан борыш деңгейі төмен елдердің қатарына жатады. Тұтынушылық қарыздар портфелінің ЖІӨ-ге қатынасы шамамен 9,2 пайызды құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш 14,3, Польшада –30-ға жуық, Германияда – 40-тан астам, АҚШ-та – 85 пайыздан астамға тең», – деді Ерболат Досаев.

«Бұл ретте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгертілді – кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу енгізілді, сондай-ақ банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді, бұл банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздарды, әсіресе кірісі төмен азаматтарға беруіне экономикалық ынтасын төмендетеді. Сонымен қатар, 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша тұрақсыздық айыбы мен комиссияларды есептеуге тыйым салу жөнінде заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Осы арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешектің үздіксіз өсуі шектелетін болады», – деді ол.

 

Тегтер: