Қырғызстанның экс-депутаты АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр
Қырғызстанның интернет сегментінде Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Ұлықбек Қошқаровтың Америкада түсірілді деген видеосы қызу талқыланып жатыр.
Астана, NEGE. 24.kg жариялаған видеодан қырғызстандық экс-шенеуніктің көлікке қағазқапшық пен бөтелкелер тиеп жатқан сәтін көруге болады. Ал видео сипаттамасында оның АҚШ-тағы Amazon компаниясында курьер болып жұмыс істейтіні жазылған.
Бейнежазба қырғыз қоғамында үлкен резонанс тудырды, өйткені Қошқоров ұзақ жылдар бойы жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарған.
Ол Жогорку Кеңештің депутаты болды, Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму министрлігін басқарды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді. 2017 және 2021 жылдары Қырғызстан президенттігіне кандидат ретінде сайлауға түскен.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін билікке Садыр Жапаров келген соң Ұлықбек Қошқаров министр қызметінен босатылған. Қазіргі уақытта ол отбасымен Чикаго қаласында тұрады.
Ал желідегі әлгі видеоға қатысты жұрттың пікірі екіге бөлінді. Көбі экс-шенеуніктің адал еңбекпен айналысып жүргенін айтып қолдау білдірсе, енді біреулері кезінде лауазымды қызметтер атқарған тұлғаның АҚШ-та курьер болып жүргеніне қайран қалған.