Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы 4 жылға сотталды

Бішкектің Бірінші май аудандық сотында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев пен «Социал-демократтар» партиясының өкілдеріне үкім шықты. Оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деген айып тағылды.

Қадырбек Атамбаев/instagram.com

Астана, NEGE. Сот үкіміне сәйкес, Қадырбек Атамбаев 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді, деп хабарлайды 24.kg.

Ал партияның бас хатшысы Темирлан Султанбеков 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 2025 жылғы сайлаушылар даусын сатып алу ісі бойынша өтелмеген жазасын ескере отырып, оған жалпы 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жеңиш Абдрахманов 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.

Аталған іс бойынша айыпталған Эрмек Эрматов 2 жылға сотталды. Алайда пробация қолданылып, оны түрмеде өтеуден босатты, Серікбай Кубаланбек уулу жазадан босатылып, Қазақстанға шығарылуы туралы шешім қабылданды. Ал Қуанычбек Кадыров ақталды.

Айта кетейік, олар 2025 жылдың қараша айының соңында жаппай тәртіпсіздікке дайындалды деген күдікпен барлығы 10 адам ұсталған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарды. 2019 жылғы тамызда Қой-Таш ауылындағы резиденцияны басып алуға жасалған әрекеттен кейін қамауға алынды. Оқиға кезінде экс-президенттің жақтастарымен қақтығыс болған.

2023 жылы оған емделу үшін шетелге шығуына рұқсат берілді. 2025 жылғы маусымда Атамбаев жер телімдерін заңсыз иемдену, заңсыз баю және Қой-Таштағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу істері бойынша сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.