Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталуы мүмкін
Бішкекте 2019 жылдың тамызындағы Қой-Таш оқиғасы бойынша сот процесі жалғасуда. Іс бойынша айыпталушылардың арасында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, бұрынғы депутаттар мен бірқатар шенеунік бар.
Алматы, NEGE. Бішкек жылу электр орталығына көмір жеткізу, жер телімін заңсыз иемдену бойынша қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілгені хабарланды.
Мемлекеттік айыптау айыпталушы тарапты кінәлі деп танып, Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты 11 жылға, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тоғызыншы қызметінің бұрынғы қызметкері Қанат Сағымбаевты 11 жылға, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Равшан Жээнбековті, Президент Әкімшілігінің бұрынғы мүшесі Фарида Ниязова және «Социал демократтар» партиясының мүшесі Фархат Баабиевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурорлар Әсел Кодуранова, Ирина Карамушкина, Құндыз Жолдубаева және Мээрбек Мискенбаевқа үш жыл сынақ мерзімін сұрады.
Айта кетейік, 2019 жылдың 7 тамызында Бішкек іргесіндегі Қой-Таш ауылында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция жүргізілген болатын. Республиканың бұрынғы президентінің үйінде атыс болған. Салдарынан Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, түрлі жарақаттармен Бішкектегі ауруханалар мен Шу облыстық біріккен ауруханасына зардап шеккен 45 адам жатқызылған.
2019 жылғы 8 тамызда ел Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Алмазбек Атамбаев заң аясында жүргізілген тергеу шараларына қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғыз Республикасының Конституциясы мен заңдарын өрескел бұзды деп мәлімдеді.