Қырғызстанда шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруға соңғы мүмкіндік берілді
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көліктерді заңдастыруды аяқтау туралы жарлыққа қол қойды.
Астана, NEGE. Жаңа құжатқа сәйкес, шетелдік нөмірмен жүрген және әлі заңдастырудан өтпеген көлік иелері 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін нақты шешім қабылдауы керек. Бұл талап айыппұл тұрағында тұрған көліктерге де қатысты.
Көлік иелеріне төрт мүмкіндік беріліп отыр:
- көлікті қосымша әрі соңғы заңдастыру рәсімінен өткізу;
- көлікті Қырғызстан аумағынан шығару;
- көлікті қосалқы бөлшек ретінде сату;
- көлікті утилизацияға тапсыру.
Бұл шешім армян, абхаз және басқа да шетелдік нөмірі бар көліктерге қатысты.
Ал бұған дейін заңдастырудан өтіп, «10-өңір» сериясындағы қырғыз нөмірін алған көлік иелеріне алаңдауға негіз жоқ. Мұндай көліктер заңдастырылған болып есептеледі және белгіленген тәртіппен жүре береді.
Қырғызстан билігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін заңдастырылмаған көліктер мәселесі толық жабылатынын мәлімдеді. Осы мерзімнен кейін тиісті мәртебесі жоқ көліктерді пайдалануға тыйым салынады.