Қырғызстанда Қамшыбек Ташиевке үкім шықты

Бішкектің Бірінші май аудандық соты «75-тің хаты» деп аталатын қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

gov.kgr

Астана, NEGE. Іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевті қоса алғанда барлық 8 айыпталушы «Билікті күшпен басып алу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24.kg.

Қамшыбек Ташиевтен бөлек іс бойынша сотталғандар:

  • Нұрланбек Тұрғынбекұлы, Жогорку Кенештің экс-спикері;
  • Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты;
  • Бекболот Талғарбеков, қоғам қайраткері;
  • Емилбек Ұзақбаев, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі;
  • Құрманбек Диқанбаев, Жогорку Кенештің экс-депутаты;
  • Аалы Қарашев, бұрынғы вице-премьер және экс-депутат;
  • Құрсан Асанов, ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары.

Алайда сот тағайындаған бұл жаза үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырылды. Сондықтан сотталғандар жазасын колонияда өтемейді.

Қамшыбек Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұлов үкіммен келіспейтінін және жоғары сот инстанциясына шағымданатынын мәлімдеді.

Сот «Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану» бабы бойынша айыпталушыларға ақтау үкімін шығарды. Ақпан айынан бері қамауда отырған Бекболот Талғарбеков, Емилбек Ұзақбаев, Құрманбек Диқанбаев, Аалы Қарашев және Құрсан Асанов сот залынан босатылды.

«75-тің хаты» – 2026 жылғы 9 ақпанда Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровқа жолданған, президент сайлауын шұғыл түрде қайта өткізуді талап еткен ашық хат. Құжатқа елдің саяси және зиялы қауым элитасының 75 өкілі, оның ішінде бұрынғы премьер-министрлер, Жогорку Кеңештің экс-депутаттары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қол қойған.

Бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевтің отставкаға кетуіне себеп болып, соңы билікті басып алуға әрекеттену бабымен қылмыстық іске ұласты.