Қырғызстанда фемицид үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізу ұсынылды

Қырғызстанда фемицидті қылмыстың жеке құрамы ретінде қарастырып, әйелдерді өлтіргені үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

akipress.org

Астана, NEGE. 24.kg ақпаратынша, бұл түзетуге Жогорку кеңештің депутаты Бактыгүл Аманова бастамашылық еткен.

Құжатта Қылмыстық кодекске «Әйелді өлтіру (фемицид)» атты жаңа бап енгізу ұсынылған. Оған:

  • әйелді гендерлік кемсітушілік себептерімен өлтіру;
  • жүкті әйелді өлтіру;
  • зорлаумен немесе жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан өлім;
  • сондай-ақ әйелдің өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу немесе соған итермелеу салдарынан қаза табуы жатқызылмақ. 

Мұндай қылмыстар үшін мүлікті тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын белгілеу ұсынылуда.

Бұдан бөлек, заң жобасында әйелдің өліміне әкелген қылмыстарды жасаған адамдарға амнистия қолдануға тыйым салу көзделген.

Түсіндірме құжатта 2024 жылы Қырғызстанда кісі өлтіру фактілері бойынша 155 қылмыстық іс қозғалғаны, оның 33-і әйел өліміне қатысты болғаны айтылған. Ал 2025 жылы 158 кісі өлтіру оқиғасы тіркелсе, олардың 37-сінде әйелдер қаза тапқан. 

Заң жобасы авторының түсіндіруінше, «фемицид» термині әйелді гендерлік кемсітушілік себептерімен өлтіруді білдіреді және оның феминизмге немесе феминистік қозғалысқа ешқандй қатысы жоқ.