«Қазақ-қырғыз – бір туған!»: Қазақстан президентінің ресми сапары туралы қырғыздың жас саясаткерлері не дейді?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары аяқталды. Қазақстан президентін Қырғыз Республикасының басшысы Садыр Жапаров әуежайдан өзі күтіп алып, өзі шығарып салды. Бұл екі ел мен ел башыларының қарым-қатынасының қандай жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек.
Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапарына қатысты NEGE тілшісі қырғызстандық жас саясаткерлерге хабарласып, пікір сұрады.
Алибек ТУРГУНБАЕВ, саясаткер:
Сенімді нығайтып, жаңа мүмкіндіктер ашты
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары екі ел арасындағы сенімді нығайтып, шекара қауіпсіздігі мен дипломатиялық мәселелерді шешуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Сауда, инвестиция, көлік, энергетика, мәдени-гуманитарлық салада нақты келісімдер жасалды.
Екі ел 2030 жылға дейін тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.
Ош қаласында Қазақстан консулдығы мен ЕҰУ филиалының ашылуы, сондай-ақ туризм, студенттік алмасу және мәдени жобалар халықтар арасындағы достықты тереңдетуге бағытталған. Қазіргі жағдайда халықтық дипломатияны нығайту өте маңызды, себебі ол ресми саясаттан тыс сенім мен достықты қалыптастырады, екі елдің тұрақты ынтымақтастығы мен аймақтық қауіпсіздікке оң ықпал етеді, сондай-ақ олардың әлемдік аренадағы имиджі мен сенімділігін арттырады.
Эмира КАНЫБЕКҚЫЗЫ, «Қырғызстан Жастар Қозғалысы» қоғамдық бірлестігі халықаралық ынтымақтастық жөніндегі төрағасының орынбасары:
Үшінші жыл қатарынан қазақ-қырғыз жастар форумы өтті
– Бұл сапар тек экономикалық емес, рухани және мәдени байланыстарды да күшейтті. Айтматов пен Әуезовке арналған «Достықтың алтын көпірі» ескерткіші ортақ тарих пен құндылықтарды паш етті. Сапардың гуманитарлық және білім беру саласына пайдасы зор. Бұл мемлекет басшыларының «Ата-Бейіт» мемориалдық кешеніне барудан анық көрінді, яғни бауырлас елдер арасындағы байланысты нығайтуда тарихи жады мен мәдениеттің маңызын көрсетті.
Ресми сапар аясында үшінші жыл қатарынан қазақ-қырғыз жастар форумы өтті, бұл – Жогорку Кенеш пен Мәжіліс төрағаларының бастамасы.
Биыл форумда IT, стартаптар, инновациялар мен инвестициялар басты тақырып болды, бұл бағыттар мемлекет басшыларының да баяндамаларында болашақ дамудың кілті ретінде аталды. Жастар үшін бұл бірлескен білім беру бағдарламалары, студенттік алмасу, зерттеу жобалары мен инновациялық бастамалар арқылы нақты мүмкіндіктерге жол ашады.
Бектан КЫДЫЕВ, Қырғыз Республикасы Студенттер ассоциациясының президенті:
«Қазақ-қырғыз – бір туған!»
– Егер жастар мен студенттер арасындағы ынтымақтастықтың дамуы тұрғысынан қарасақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапарын жоғары деңгейде және оң бағалауға болады. Оның айтуынша, Қазақстан жыл сайын Қырғызстан студенттеріне 50 білім грантын береді, ал келесі жылдан бастап бұл сан 60-қа дейін ұлғайтылады. Менің ойымша, осы оқиғалардың барлығы Қырғызстан мен Қазақстан жастары мен студенттері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.
Қырғыз Республикасы Студенттер ассоциациясы әрдайым халықаралық жастар және студенттік ұйымдармен серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ашық. Халықаралық ынтымақтастық – біздің ұйымның басты міндеттерінің бірі. Нақтырақ айтсақ, жыл соңына дейін Қазақстан Студенттер Альянсы және Қазақстанның студенттік омбудсмен аппаратымен екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, III Қазақ-қырғыз жастар форумы аясында Қырғыз Республикасы Студенттер ассоциациясы мен «Алматы Студенттік Альянсы» Корпоративтік Қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – бауырлас серіктестігіміздің бастамасы ғана. Енді тек алға басамыз, өйткені «Қазақ-қырғыз – бір туған!».