27 сентября 2022 г. 17:51

Қираған шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты: Президент Шымкент тұрғындарына алғыс айтты

Фото:

Президент былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғанын еске салып, сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шыққанын ерекше атап өтті.

Шымкент, NEGE. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі ету керегін айтқан Мемлекет басшысы Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысын жариялады.

«Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз Отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ. Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға алғысымды жариялаймын», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов «Парасат» орденімен, «Ә. Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Байтанаев және №2 қалалық аурухананың дәрігері Есенгелді Бегешев «Құрмет» орденімен марапатталды. «Шапағат» медалімен Шымкент қаласы «№ 89 IT мектеп-лицей» КММ тәрбиешісі Әсем Мұхтарқызы Үсенова наградталды.

Сондай-ақ спортшы Ксения Ханға «Ерен еңбегі үшін» медалі, «№ 89 IT мектеп-лицейінің» тәрбиешісі Әсем Үсеноваға «Шапағат» медалі табыс етілді. 

Президент Шымкент халқының іскерлігін айрықша атап өтті. 

«Жалпы, Оңтүстік халқы қашанда еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз - көпшілікке үлгі-өнеге», - деді президент. 

Тегтер: