Киноға барғысы келетіндер үшін үздік туындылар топтамасы
Фото:
Осы апта ішінде еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін фильмдер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз. Киноға талғаммен баратын жандардың қатарынан болсаңыз, біздің тізбектегі туындылардың мазмұнына құлақ түріңіз!
Біздің жұлдызды тізбекті «The Keeper / Хранитель» фильмі бастайды. Аталмыш туынды адам өміріндегі киноның алатын орны мен атқарар рөлін көрсетеді. Себебі бас кейіпкер кез келген кино картинаның адамды мейірімді болуға баулып, рухани болмыстың берік дамуына үлес қосатынына сенеді.
Әрмен қарай тізімді «Spread Your Wings / Расправь крылья» кино картинасы жалғастырады. Фильм желісі бойынша Кристиан есімді азамат өз өмірін жабайы қаздарды қорғап, сақтауға арнайды. Ал оның жасөспірім ұлы бейнеойындарға қатты қызығады. Баласы үшін әкесімен жазғы демалысты ауылда өткізу біраз қиындық тудырады. Алайда құстарды құтқару үшін ол әкесімен бірге Норвегияға қауіпті саяхатқа баруға мәжбүр болады. Өткен жылдың тамыз айында жарық көрген туынды бүгінде ғаламтор қолданушыларының 90 пайызына ұнап, жоғары бағаланды.
Біздің тізімнің алтыншы орынына «Марафон желаний» кино картинасы тұрақтайды. «Менің Парижге барғым келеді. Мен әлемді көргім келеді. Сүйікті адамыма тұрмысқа шыққым келеді. Жаңа иіссу сатып алғым келеді. Тойға деін төлқұжатымды табуым керек» деген басты кейіпкер Маринаның толып жатқан 7 тілегі бар. Бастысы-оның бақытты болғысы келеді. Алайда, күтпеген кездесу оның жоспарларын түбегейлі өзгертіп жібереді.
Тізімді «A Shaun the Sheep Movie: Farmageddon / Барашек Шон: Фермагеддон» фильмі толықтырады. 2019 жылдың қыркүйек айында үлкен экранға шыққан туындының әлемдік алдын ала көрсетілімі Лондонда өтті. Бүгінде «Үздік анимациялық фильм» аталымына лайық деп танылған мультфильм ғаламтор қолданушыларының 87 пайызының көңілінен шыққан. Ғылыми фантастикалық жанрда таспаланған туындының кез келген жастағы көрерменге ұнайтыны сөзсіз.
«Fahim / Шахматист». Комедиялық драма жанрында түсірілген туындыға Бангладеште туып, Францияға қоныс аударған Фахим есімді жас шахматшының өмірі арқау болған. Француз режиссері таспалаған фильм өзіндік ерекше сюжет пен кәсіби әртістік топтың төбе көрсетуімен ерекше.
Енді осы аптаның ең үздік үш туындысына тоқталамыз.
«Underwater / Под водой» кино картинасы. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жарық көрген фильмнің әлемдік алдын ала көрсетілімі Индонезияда өтті. Детективті жанрда таспаланған фильм, кейіпкерлер кешірген келеңсіздіктер мен олардың шырмауы көп мәселелерді шешуімен құнды.
«Dem Horizont so nah / Так близко к горизонту» фильмі. Олар бір-біріне алғаш көрген сәтте-ақ ғашық болып қалады. Сөйтіп кездескен қиындықтар мен төнген тосқауылдарды жеңуге сенімді болған олар, әр уақытын бірге өткізеді. Алайда, жалт еткен сезім ұшқыны ұзаққа бармайды. Оған себеп те жоқ емес.
Бірінші орынға «Bad Boys for Life / Плохие парни навсегда» фильмі үздік деп саналды. Жуырда жарық көрген туынды бүгінде ғаламтор қолданушыларының 94 пайызының оң бағасын алып үлгерген. 90 миллион долларға таспаланған кино картинаның төртінші және бесінші бөлімдері алдағы 2022 жылдан бастап, 2025 жылдың аяғына дейін түсіріледі деп жоспарлануда. Себебі бұған дейін көпшілікке ұсынылған қос бөлім кез келген жастағы көрермендер үшін қызықты, әрі шытырман оқиғаға толы болған еді. Кәсіби әртістердің төбе көрсетуімен түсірілген туынды достықтың адам өміріндегі маңызын түсіндіреді.