Қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ: Прокуратура белгілі вайнерлердің ісіне қатысты пікір білдірді

Алматыда «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасына қатысты сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Сот отырысы онлайн форматта өтіп жатыр. Оған 12 айыпталушы қатысты. Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова қарауда. Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты істің алдын ала тыңдау барысында айыпталушы Мейіржан Төребаев істі прокурорға қайтаруды, ал қорғаушысы соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұраған еді.

Мейірхан Шерниязовтың қорғаушылары соттан қылмыстық істі тоқтатып, оларды жәбірленуші деп тануды сұраған болатын. Бүгінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ерлан Құланбаев қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ екенін айтты.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 1-бөлігінің 321-бабына сәйкес, ауыр қылмыстық істер бойынша алдын ала тыңдаулар міндетті. Істі прокурорға қайтаруға негіз бола алатын елеулі заң бұзушылық орын алған жоқ деп есептеймін»,- деді прокурор.

Сонымен қатар Ерлан Құланбаев Мейіржан Төребаевтың әйелін өзінің қоғамдық қорғаушы ретінде тарту туралы өтінішін және қорғаушысының бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерту туралы өтінішін қолдады.

Бұған дейін Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты істің алдын ала тыңдау барысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары соттан үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді, ал кейбіреулері өздеріне қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған болатын. 

12 желтоқсанда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.