Киевте қазақстандықтарды есірткі бизнесіне тартып келген call-орталықтар жабылды

Ішкі істер министрлігі 28 мамырда Украинаның Киев қаласында Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндіру және таратумен айналысқан қылмыстық ұйымға тиесілі call-орталықтардың қызметі тоқтатылып, 11 адам ұсталғанын хабарлады.

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, халықаралық қылмыстық топтардың call-орталықтарын жоюға бағытталған арнайы операцияны екі елдің құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген.

ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің мәлімдеуінше, операторлар мен менеджерлер Қазақстан аумағында есірткі жасырушы және есірткі ораушы рөліне адамдарды іздеп, оларды заңсыз жұмысқа қабылдаған.

Ұсталған 11 адамның ішінде ұйымдастырушылар, операторлар және адамдарды заңсыз жұмысқа тартумен айналысқан қызметкерлер бар. Тоғыз мекенжай бойынша жүргізілген тінту кезінде олардан шамамен 40 мың АҚШ доллары, 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленген.

Қазіргі уақытта тәркіленген техникадағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып, қаржылық тергеу жүргізілуде.