ҚХП алимент бойынша берешекті өтеу үшін арнайы қор құруды ұсынды
«Басты дебат – 2026» жобасы аясында ҚХП партиясының жетекшісі Нұрсұлтан Шоқанов алимент бойынша берешекті өтеу үшін арнайы қор құруды ұсынды. Бұл туралы ол дебат барысында азаматтардың сауалына жауап берген кезде мәлімдеді.
Астана, NEGE. Қонаев қаласының тұрғыны Мәншүк есімді азамат ҚХП төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтан алимент қорын құруға қажетті қаражат қайдан алынатынын сұрады. Оның айтуынша, мемлекет борышкерден ақша өндіріп алғанға дейін қор қандай қаражат есебінен жұмыс істейтіні түсініксіз.
ҚХП төрағасының айтуынша, қазіргі таңда алимент бойынша балалар мен жұбайларға төленуге тиіс шамамен 18 млрд теңге берешек бар. Бұл мәселе 300 мыңға жуық балаға қатысты болғандықтан, мемлекет алимент мәселесінен шет қалмауы керек.
«Бала ата-анасының ажырасуынан стресске түсіп қана қоймайды, оған әлеуметтік және эмоционалдық мәселелер, эмоционалдық қысым да қосылады. Сондықтан бұл мәселенің өте өткір екенін түсіну маңызды. Енді осы шаралардың барлығы қандай қаражат көздерінен қаржыландырылады деген мәселеге келсек, біріншіден, бізде мұндай мүмкіндік бар және біз бүгін бұл туралы пікірталаста да айттық. Мысалы, заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түсетін қаражат есебінен қалыптастырылатын арнайы мемлекеттік қордан 18 млрд теңге бөлуге болады», – деді ҚХП төрағасы.
Партия төрағасы алименттік берешек ең алдымен мемлекет қаржыландыратын алименттік қордан өтеп, кейін алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерден регресс тәртібімен өндіріп алу ұсынды.
«Бұл – жауапсыз ата-аналардың жауапсыздығын ынталандыру емес, баланың мүддесін қорғау. Кейіннен бұл қаражат ата-аналардан қайтарылып өндіріледі», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Шоқановтың айтуынша, мемлекет үшін бұл аса үлкен сома емес. Сол себепті, қаражат өткір әлеуметтік мәселені шешуге бағытталып, балалардың игілігіне жұмсалуы тиіс.