«Кетті-кетпеді». Әкім Қашқымбаев қайда?
Бүгін бірқатар БАҚ «Алматы облысында әкім отставкаға кетті» деп ақпарат таратқан. Әңгіме Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев турасында болып отыр.
Тақырыпқа орай: Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің істі болғаны рас па?
Еңбекшіқазақ ауданынның әкімі Қ.Қашқымбаевқа қатысты бірнеше күннен бері гу-гу толастамай тұр. «Әкімнің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты», «Әкімді ұстапты» деген әңгіме желдей ескен. Енді міне, отставка төңірегінде түсініксіз әңгіме болып жатыр.
Бірер күн бұрын Nege.kz тілшісі Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қ.Қашқымбаевқа қатысты әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласып, түсініктеме алған.
Бүгін «әкім отставкаға кетті» деген ақпаратқа қатысты тілшіміз ауданның баспасөз қызметіне тағы хабарласып, мынадай жауап алды: «Әкім отставкаға кетпеді. Қазір жұмыста жүр. Ақпарат қате жарияланған. Әкім ешқайда кеткен жоқ, қызметін атқарып жатыр. Қазір ғана ол жұмыс бабымен шығып кетті».
Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың баспасөз қызметіне қарағанда, аудан әкімдерінің баспасөз қызметі тәуір жұмыс істейтінін осыдан-ақ көруге болады. Ал облыс әкімдігіндегі әріптестеріміздің бар-жоғы белгісіз. Олардан Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты түсініктеме алу мүмкін болмады. Мұндай «үндемес қызмет» Амандық Баталовқа не үшін керек екені тағы белгісіз.