«КешYou» тобының экс мүшесі тұрмысқа шықпақ
Топтан еншісін алып, бөлек кеткен Балжан Бидаш жақында ақ келін атанады. «Жыл таңдауы» ұлттық жүлдесінде жас әншінің сүйіктісі 101 раушан гүлімен ұсыныс жасады.
Алматы, NEGE. Шығармашылығын қолға алған Балжан Бидаш бүгінде бірнеше әнбаянын халыққа ұсынып, жеке өнер көрсетіп жүр. Баян Алагөзованың қарамағынан кеткен ол әншілік мансабын жалғастырмақ ниетте. Қоржынын жаңа туындыға толтырған бикеш «Алматы Аренада» өткен «Жыл таңдауы» ұлттық жүлдесінде «Жалғызым» әнін шырқап, марапатқа емес күтпеген жерден тосын сыйға кенелді. Сәні мен салтанаты келіскен кеште Балжанның болашақ жары неке жүзігін сыйлап, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Маңызды шешімді бірден қабылдаған әнші сахнада біраз қобалжығанын жасырмады.
Жеке өмірін тасада ұстауды жөн санайтын Балжан Бидаш болашақ жары жайлы көп айта бермейді. Дегенмен, күйеу жігіттің өнер әлемінен құр алақан еместігі белгілі. Қос ғашық кезекті гастрольдік сапардың бірінде танысыпты. Балжан Бидаштың айтуынша, сүйіктісі өнерді жоғары бағалайды. Сондықтан болашақта әншілік мансабын жалғастыруына қарсы емес. Осылайша, шоу-бизнестегі басы бос арулардың қатары тағы бір санға азаймақ. Бірақ үлкен тойдың қашан болары әзірше белгісіз.