Кептелісті айналып өтеді: Астанада әуе таксиі алғаш рет ұшты
Астанада алғаш рет тік ұшып-қонатын электрлі аэротакси сынақ ретінде ұшырылды.
Астана, NEGE. Демонстрациялық ұшу кезінде таныстырылған AutoFlight Prosperity eVTOL электрлі әуе кемесі сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады. Сондай-ақ бір рет қуаттаумен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Alatau Advance Air Group өкілі Дастан Зайнолданың айтуынша, қазіргі уақытта Алатау қаласында аэротаксиге арналған тестілеу орталығының құрылысы басталған.
«Инфрақұрылым тұрғысынан Алатау қаласы дайын. Сонымен қатар, Smart City ретінде озық технологиялар шоғырланатын қала болғандықтан, аэротаксиді ең алдымен сол жерде іске қосқан дұрыс деп есептейміз. Кейін жоба Астанаға да келуі мүмкін», – деді ол.
Оның сөзінше, жоба қазіргі таңда жеке инвесторлардың қаржысына жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін, 2026 жылдың мамыр айында, осындай алғашқы сынақ ұшулары Алатау қаласында өткен.
Мамандардың бағалауынша, Астанадағы демонстрациялық ұшу Қазақстанда заманауи авиациялық технологияларды енгізу және қалалық әуе мобильдігін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жоба болашақта инновациялық әуе тасымалы жүйесін қалыптастыруға және азаматтық авиацияға жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізуге жол ашады.