Кенжеғұл Сейітжан премьер-министрге өкпелі

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан параспортшыларға көрсетілетін құрмет деңгейі жеткіліксіз екенін айтып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновті сынға алды.

Видеодан скрин/Мәжіліс

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, елде Паралимпиада чемпиондарына деген назар дәстүрлі Олимпиада жеңімпаздарымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Кенжеғұл Сейітжанның сөзінше, параспортшыларға тек Спорт министрлігі мен Президент қана ерекше ықыласпен көңіл бөледі.

Алайда Үкімет басшысы тарапынан да, оның офисінен де Ербол Хамитовтың жеңісіне қатысты ешқандай «реакция» болмаған.

«Ал Үкімет басшысы Олжас ағамыз ешқандай көңіл бөлген жоқ. Реакция жоқ. Олжас Абайұлы болашақта басқа да параспортшыларға көңіл бөледі деп ойлаймын. Үкімет әкімшілігі де, Үкімет басшысы да өзі хат жазса да болатын еді. Иә, премьер-министрге өкпелімін. Өкпелі дегенде, сын ғой айтылған. Олжас Абайұлына сын. Жаңа "Олжас мырза, көңіліңіз қайда?" дегенім сол ғой», – деді Сейітжан.

Депутат премьер-министрге қатысты сыны жеке өкпе емес, жүйелі мәселе екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін де ол параспортты қолдау мәселесін бірнеше рет көтерген.

«Білесіз, алдыңғы жылы бюджетті қараған кезде Олжас Абайұлынан "Құрметті Олжас Абайұлы, параспортты да өзіңіз тікелей назарға алсаңыз, бюджетті де назарға алсаңыз" деп сұраған едім», – деді депутат.

Сондай-ақ ол Үкіметтен нақты қадам күтетінін айтты. Атап айтқанда, ол жеңіспен оралған параспортшылармен жеке кездесу өткізу, сондай-ақ осы саланы қолдауға бағытталған арнайы қаулы қабылдау қажет деп санайды.

Ол бұл жағдайды белгілі бір деңгейде алалаушылықтың белгісі деп бағалады. Сонымен қатар қоғамда параспортшыларға қатысты ескі стереотиптер әлі де сақталғанын атап өтті.

«Ал енді халықта да "мүсәпіршілік" көзқарас бар. Халық та әлі күнге дейін "Оған керегі не, оларға ондай көңіл бөлудің қажеті не, жарым жандар ғой" деген көзқараста. Біз инклюзивті орта құру туралы айтып жүрміз ғой. Ол орта халық бір-біріне түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткенде ғана қалыптасады», – деп қынжылды халық қалаулысы.

Депутат параспорт пен дәстүрлі спорт арасындағы қаржыландыру алшақтығы жер мен көктей деп бағалады.

«Параспорт пен жалпы спорттың арасында айырмашылық өте көп. Ақшасына келген кезде айырмашылық жер мен көктей. Шаңғышылар, хоккейшілердің жаттықтырушыларының жалақысын салыстырсақ, айырмашылығы орасан. Бұл теңсіздікті тудырады», – дейді ол.

Оның айтуынша, Үкімет басшысы бұндай теңсіздікке жол бермеу керек.

Қазір оқып жатыр

Арыста ағайындыларды он шақты жігіт соққыға жыққан: туыстары әділ жаза талап етеді

«Арандату болған, басы жарылған»: Әсет Матаевтың адвокаты мәлімдеме жасады

Талғардағы кісі өлтіру және бала ұрлау ісі: басты айыпталушы 25 жылға сотталды

«ҚазАвтоЖол» операторы филиалының бұрынғы басшысы сотталды