Келісім мерекелік шарамен ғана өлшенбейді: Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықтың негізі неде?
Қазақстандағы ұлтаралық келісім көбіне мерекелермен, этномәдени бірлестіктердің іс-шараларымен және түрлі халықтардың салт-дәстүрін таныстырумен байланысты айтылады. Алайда қоғамдық тұрақтылықтың нақты негізі концерттер мен фестивальдерден әлдеқайда тереңде жатыр. Ол азаматтардың заң алдындағы теңдігінен, мемлекеттік қызмет пен білімге бірдей қол жеткізуінен, тұрмыстық жанжалдарды дер кезінде шешуден және арандатушы ақпаратқа жол бермеуден құралады.
Астана, NEGE. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында Қазақстанда 14 миллион 664 мың қазақ, 2 миллион 943 мың орыс және 695 мыңнан астам өзбек тұрған. Олардың ел тұрғындары арасындағы үлесі тиісінше 71,5, 14,4 және 3,4 пайыз болды. Ал Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілі тұратынын хабарлады.
Мұндай демографиялық әралуандық жағдайында қоғамдық келісім мемлекеттің қауіпсіздігіне, өңірлердің дамуына және азаматтардың күнделікті өміріне тікелей ықпал етеді. Сондықтан ұлтаралық тұрақтылықты тек мәдени саясаттың бір бағыты ретінде емес, әлеуметтік және құқықтық саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырған жөн.
Келісімнің құқықтық негізі қандай?
Қазақстандағы этносаралық саясаттың басты қағидаты – азаматтарды ұлтына немесе тіліне қарай алалауға жол бермеу. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені бекітілген.
Конституцияның 16-бабына сәйкес, адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына немесе тұрғылықты жеріне байланысты кемсітуге болмайды. Бұл талап мемлекеттік мекемелердің жұмысына ғана емес, еңбек қатынастарына, білім беру саласына және қызмет көрсету орындарына да қатысты.
Ата Заңның 22-бабында әр адамның өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы екені жазылған. Сонымен бірге әркімнің ана тілін және төл мәдениетін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу мен шығармашылық тілін еркін таңдауына кепілдік беріледі.
Демек, ұлтаралық келісімнің құқықтық формуласы екі қағидаға сүйенеді. Біріншісі – азаматтардың ортақ заңға бағынуы және тең құқыққа ие болуы. Екіншісі – әр адамның этностық, тілдік және мәдени ерекшелігін сақтау құқығы.
Жаңа Халық Кеңесіне қандай міндет жүктелді?
Конституциялық өзгерістерден кейін қоғамдық келісім мәселелерін қарастыратын жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Конституцияның 70-бабында ол Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде көрсетілген.
Ата Заңның 71-бабына сәйкес, Халық Кеңесі қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сонымен бірге Кеңеске ішкі саясаттың негізгі бағыттарына қатысты ұсыным беру, Құрылтайға заң жобаларын енгізу және референдум тағайындау жөнінде бастама көтеру құқығы берілген.
Ендігі маңызды мәселе – Кеңестің өңірлердегі нақты жағдай туралы ақпаратты қаншалықты жедел алып, жергілікті мәселелерді орталық билікке жеткізе алатыны.
Ресми мониторинг нені көрсетеді?
Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің мәліметінше, тоқсан сайын жүргізілетін мониторингке қатысқан респонденттердің 85 пайызы елдегі этносаралық жағдайды тұрақты әрі қолайлы деп бағалаған.
2026 жылдың бірінші тоқсанында 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру тобы білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында 600-ден астам профилактикалық кездесу өткізген. Өңір әкімдері этномәдени бірлестіктермен 60 кездесу мен кеңес ұйымдастырған.
Күнделікті әділет неге маңызды?
Ұлтаралық келісім ең алдымен адамның күнделікті өмірінде сезілуге тиіс. Азамат жұмысқа орналасқанда, мектепке немесе ауруханаға барғанда, мемлекеттік қызмет алғанда өзінің ұлтына не сөйлейтін тіліне байланысты кедергіге тап болмауы керек.
Жанжалдың бәрі бірдей этносаралық сипатта болмайды. Көп жағдайда дау адамдар арасындағы тұрмыстық келіспеушіліктен туындайды. Алайда қатысушылардың ұлты алға шығарылса, қарапайым оқиға қоғамдағы үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Сондықтан құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдік оқиғаның себебін нақты ажыратуы қажет. Қылмыс жасаған адам бүкіл этностың өкілі ретінде емес, өз әрекетіне жеке жауап беретін азамат ретінде қаралуға тиіс. Ұжымдық айып тағу немесе бір адамның әрекеті үшін тұтас халықты кінәлау қоғамдық келісімге зиян келтіреді.
Медиация институты осындай дауларды ерте кезеңде шешуге көмектесе алады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінде 2025 жылы этносаралық саладағы медиация жұмысына кәсіби медиаторлар, заңгерлер, педагогтер, психологтер, дінтанушылар мен журналистерден құралған 330-дан астам маман қатысқаны көрсетілген.
Бірақ медиация құқық бұзушылықты жасыру немесе кінәлі адамды жауапкершіліктен босату құралы болмауға тиіс. Егер күш қолдану, қорқыту немесе мүлікті бүлдіру фактісі болса, оған заң аясында баға берілуі керек. Ал медиаторлар жанжалдың одан әрі ушығуына жол бермей, тараптар арасында диалог орнатуға көмектеседі.
Әлеуметтік желідегі арандатуды қалай тануға болады?
Қазір тұрмыстық жанжалдың бейнежазбасы бірнеше сағат ішінде бүкіл елге таралуы мүмкін. Оқиғаның қайда және қашан болғаны анықталмай тұрып, оған ұлттық сипат беретін жазбалар жарияланады. Кейде ескі видео жаңа оқиға ретінде ұсынылады немесе адамның сөзінен белгілі бір бөлік қана алынады.
Мұндай жағдайда ақпаратты бөліспес бұрын оның бастапқы дереккөзін, жарияланған күнін және ресми органдардың түсініктемесін тексеру қажет. Оқиғаға қатысушылардың ұлты ресми түрде расталмаса немесе жағдайға тікелей қатысы болмаса, оны ерекше атап көрсету жанжалды ушықтыруы мүмкін.
Конституция сөз және ақпарат тарату еркіндігіне кепілдік бергенімен, ұлттық, этностық немесе діни басымдық пен алауыздықты насихаттауға жол бермейді. Ал Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік көзделген.
Бұл ретте сын пікір мен алауыздықты қоздырудың ара-жігін ажырату маңызды. Мемлекеттік органның жұмысын, әлеуметтік саясатты немесе нақты лауазымды тұлғаның әрекетін сынау – азаматтың құқығы. Ал адамдарды ұлтына қарай кемсітуге, күш қолдануға немесе бір топты екінші топқа қарсы қоюға шақыру сөз еркіндігінің шегінен шығады.