«Келешек мектептері» жаңа білім беру тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталық болуға тиіс – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін жаңғырту және мектептердің жұмысын жетілдіру бағытындағы міндеттерді атады. 

Келешек мектеп

Астана, NEGE. Оның айтуынша, «Келешек мектептері» 2029 жылға дейін жаңа білім беру тәсілдерін енгізіп, оларды тәжірибеден өткізетін алаңға айналуы қажет.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру көрсеткіштері төмен өңірлерге нақты қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

«Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн», – деді Президент.

Президент орта білім мазмұнын да заман талабына сай өзгерту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, оқу бағдарламаларында тарихи аңыздар мен шынайылығы күмәнді оқиғаларға емес, оқушылардың болашаққа, прогреске және дамуға бағдарлануына басымдық берілуі керек.

«Тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл бағыттағы оқу бағдарламаларын әзірлеу Білім министрлігінің жедел міндеттерінің бірі болмақ. Ал ұлттық білім беру моделін қалыптастыруда «Келешек мектептері» маңызды рөл атқаруы тиіс. Президент осы жұмыста Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.