22 июля 2025 г. 17:26

«Келешек мектептері»: Болашақ бүгіннен басталады

Фото: gov.kz

Қазақстанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жайлы мектептер салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Олардың басым бөлігінің құрылысына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жетекшілік етуде. Компания басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Өтеубаев әлеуметтік маңызы зор бастаманы іске асыру жолындағы негізгі жетістіктерді әңгімелеп берді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске қосылғалы бері қол жеткізілген нәтижелерге тоқталмас бұрын, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының елдегі құрылыс саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды институттардың біріне айналғанын атап өткен жөн.

Спикердің айтуынша, компания 2009 жылы құрылып, қызметін дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бастаған, бастапқы кезеңде проблемалық нысандарды аяқтау және алданған үлескерлерді қолдау міндеттерін атқарған. Кейінгі жылдары ұйым «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» және «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы болды. Ал 2020 жылдан бастап инвестициялық портфелін кеңейтіп, тұрғын үй құрылысына, тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңғыртуға және импортты алмастыру аясында құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берді.

«Ең жарқын жобалардың бірі – шатыр жабындары мен қаптау материалдарын өндіретін Metal Former зауыты. Бар-жоғы 11 айдың ішінде салынған бұл зауыт 2023 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің қатысуымен салтанатты түрде іске қосылды. Инвестицияның жалпы көлемі 5,2 млрд теңге болса, оның 80 пайызын «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы бөлген», – дейді Нұрлыбек Өтеубаев.

Бүгінде кәсіпорынның нарықтық құны 14 млрд теңгеден асады, ал өндірістік қуаты жылына 7,2 мың тонна алюминий профильдерін, 1 млн шаршы метр фиброцемент панельдерін және 800 мың шаршы метр шатыр және қасбет материалдарын өндіруге мүмкіндік береді.

«Кәсіпорын өнімдері "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша 70-тен астам мектепті қаптауға пайдаланылды. Бұл импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетіп, құрылыстың өзіндік құнын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Импортты алмастыратын өндірістерді құру тек бір шаршы метрдің өзіндік құнын арзандатып қана қоймай, жалпы құрылыс саласының орнықтылығын арттырады», – деп атап өтті Нұрлыбек Өтеубаев.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ 208 жайлы мектептің құрылысына жетекшілік етеді, нақтырақ айтқанда, тапсырыс беруші ретінде жауапты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 104 мектеп пайдалануға берілсе, 2025 жылдың басынан бері тағы 23 нысанның құрылысы аяқталған. Мұндай көрсеткіштерге ел тарихында алғаш рет аз уақыт ішінде қол жеткізілді.

Ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, мұндай ауқымды міндетті іске асыру үшін компания халықаралық тәжірибеге және цифрлық шешімдерге негізделген заманауи құрылыс басқару жүйесін қалыптастырған. Мәселен,  EPC-келісімшарттары енгізілген. 

Бұл дегеніміз – әрбір нысан бойынша жобалау және құрылыс ұйымдарынан құралған консорциум құрылып, алдын ала бекітілген құжаттаманың арқасында мердігерлер құрылыс жұмыстарын бірден бастау мүмкіндігіне ие болды. «Жобалау – сатып алу – құрылыс» тәсілі мектептердің салыну мерзімін бұрынғы бір жарым жылға дейінгі кезеңнен 8–9 айға дейін қысқартуға жол ашты.

«Казахстанская правда» газетінің бір санында E Qurylys платформасы ноу-хау ретінде атап өтілген еді. Айта кетейін, 2024 жылғы 13 мамырдан бастап цифрлық трансформация аясында ұлттық жоба бойынша барлық құжат айналымы толықтай электронды форматқа көшірілді. Барлық актілер, келісімдер, қолдар мен фотофиксациялар нақты уақыт режимінде онлайн жүргізіледі. Біздің мақсат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толықтай жою. Платформа түбегейлі жаңадан жасалды, жұмыс ауыр әрі ұзақ болды, алайда күшкеремет ті нәтиже берді. Бүгінде барлық процесс ашық, бақыланады және қандай да бір манипуляцияларға жол бермейді. Электронды актілер автоматты түрде қалыптастырылып, 1–3 күн ішінде қол қойылады, ал мердігерлерге төлем тек барлық құжат толық әрі құрылыс жобасына толық сәйкес келген жағдайда ғана аударылады», – деді ол.

Қазіргі таңда компания «алдымен жоба, кейін құрылыс» деген ескі тәсілден бас тартқан. Ағылмалы әдіс барлық қатысушының – жеткізушілерден бастап мердігерлерге дейін – үздіксіз әрі үйлесімді жұмыс істеуін көздейді. Нәтижесінде шығындар 25 пайызға дейін қысқарып, «тар орындар» толық жойылды. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттамаға бақылау барлық деңгейде іске асырылады. 2023 жылы компания жобалау-сметалық құжатқа ауқымды тексеру жүргізіп, артық және қайталанатын позициялар алып тасталды.

«Қазіргі уақытта біз жобалау кезеңінде қателіктерді болдырмауға және сметалық есептерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін BIM-платформаны енгізіп жатырмыз. Қызметкерлерді оқыту жүргізілуде, цифрлық командалар құрылуда. Бұдан бөлек, 75 қызметкер Project Management Institute халықаралық стандарттары бойынша даярлықтан өтті. Келесі кезең – бүкіл әлемде мойындалған PMP сертификатын алу. Біздің мақсатымыз – тек мектептер, тұрғын үйлер мен зауыттар салу ғана емес. Біз жобалық ойлау мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Басқару сапасы – нәтиженің сапасы. "Samruk-Kazyna Construction" мемлекеттік жобалардың жылдам, ашық және тиімді бола алатынын көрсетіп, құрылыс саласын басқарудың әлемдік үздік тәжірибелерге сай жаңа моделін қалыптастыруда. Біз басты қағидатты ұстанамыз: бақылау – қатаң, жауапкершілік – біртұтас. Тек осылай ғана мерзім мен бюджетті асырмай, жоғары сапаны қамтамасыз етуге болады», – деп түйіндеді Нұрлыбек Өтеубаев.

Айта кетейік, мектептердің мегаполисте немесе шалғай елдімекенде орналасқанына қарамастан, барлық ғимарат бірыңғай жоғары стандарттар бойынша салынып жатыр. Олар оқушылардың қажеттіліктеріне толық бейімделген жайлы, қауіпсіз әрі эргономикалық кеңістік болып саналады және заманауи жиһазбен, оқу құралдарымен, сондай-ақ күшейтілген қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.

«Келешек мектептері» жобасы  бұл жай ғана құрылыс бағдарламасы емес, әрбір балаға сапалы, заманауи әрі шабыттандыратын білім алуға мүмкіндік беретін ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция.