«Келешек мектептері» – Білім күні Алматыда 12 жаңа мектеп ашылады
Алматыда білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қалада оқушы орындарының тапшылығын жою және мектептерді жаңарту бағытында «Келешек мектептері» мен «1300 мектепті оңалту» атты ұлттық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде биылғы 1 қыркүйекте мегаполисте 12 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов мәлімдеді.
Алматы, NEGE. «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде Алматыда 34,8 мың балаға арналған 21 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Өткен жылы бір мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында тағы жеті мектеп оқушыларды қабылдайды. Сонымен қатар, тамыз айының соңына дейін бес мектептің құрылысы аяқталып, қыркүйек айында есігін ашады.
Жеке инвесторлардың қатысуымен «сатып алу» тетігі арқылы тағы 8 мектептің құрылысы басталды. Оның ішінде екеуі биыл қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Келесі екі мектеп 2025 жылдың желтоқсанында ашылады, ал қалған төртеуінің құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланып отыр.
«1300 мектепті жаңғырту» жобасы аясында 2025–2027 жылдарға арналған Алматы бойынша 31 білім ордасын қамтитын тізім жасалды. Оның ішінде 2025 жылы – 15 мектепте, 2026 жылы – 9 мектепте, 2027 жылы – 7 мектепте жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Қазірдің өзінде бес нысанның құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен Зерделі шағын ауданында 550 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, Наурызбай ауданында 1200 орындық мектепті сатып алу жоспарланып, ол 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.
Қалада 13 мектеп пен 8 қосалқы ғимаратта сейсмикалық күшейту және қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шаралар нәтижесінде 3 мыңнан астам қосымша оқушы орны ашылады. Бірқатар нысандар толық жаңартылып үлгерді. Жаңа оқу жылының басында тағы 4 мектеп пайдалануға берілмек, ал жыл соңына дейін қосымша 8 мектеп іске қосылады. Қалған 8 нысандағы жұмыстар 2026 жылы толық аяқталмақ.
Алматыда білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 8 балабақша мен Машина жасау және телекоммуникациялар колледжінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, 188 мектепте, 48 балабақшада, 15 колледжде, 7 интернатта және 4 қосымша білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсаттарға 1,8 млрд теңге бөлінген.
Сонымен бірге, білім беру ұйымдарын жылыту маусымына дайындау да басты назарда. 196 балабақшаның 188-і дайындық актісін алды, қалғандары жөндеуде. 216 мектептің 203-і қысқы кезеңге әзір, қалғандарында жұмыс жақын күндері аяқталмақ. Сондай-ақ, 20 колледждің 19-ы, қосымша білім беретін 19 мекеменің 17-сі толық дайын. Барлық нысандар тамыз айының соңына дейін жылыту маусымына толық дайын болады деп жоспарланып отыр.
Осылайша, Алматы шаһары болашаққа сенімді қадам басып, заманауи, қолжетімді әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруда. Қаланың әр түкпірінде жаңа мектептердің бой көтеруі мен қолданыстағы оқу орындарының жаңарып, жаңғыртылуы – тек инфрақұрылымдық өзгеріс қана емес, келешек ұрпақтың жарқын болашағына салынған берік іргетас.