Келешек мектептері басқа мектептерден несімен ерекше?
Қазақстанда білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған және елдегі ең ауқымды білім беру бастамаларының бірі саналады. Негізгі мақсат – Қазақстанның барлық өңірінде балаларға тең әрі сапалы білім алуға мүмкіндік жасау.
Қанша мектеп салынады?
Жоба аясында 2026 жылға дейін 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Олар 460 мың оқушыға арналған. Қазіргі таңда 105 мектеп пайдалануға берілді, ал биыл тағы 112 мектептің құрылысы аяқталады. Маңыздысы – бұл мектептер тек ірі қалаларда емес, ауылдық жерлерде де салынып жатыр. Нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл баласы жаңа форматтағы, қауіпсіз әрі жайлы мектептерде білім ала алады.
Келешек мектептер несімен ерекшеленеді?
Кең әрі қолайлы орта
Жаңа мектептердің аумағы бұрынғы типтік мектептермен салыстырғанда 15–20 пайызға үлкен. Сыныптар жарық, кең әрі ауа алмасуы жақсы. Бұл оқушылардың өзін еркін сезінуіне, ал мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Заманауи технология мен пән кабинеттері
Келешек мектептерде IT және STEM зертханалары, робототехника сыныптары, хореография залдары, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, коворкинг аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар мектептерде төрт спорт залы, заманауи жиһазбен жабдықталған оқу сыныптары, аспаздық, тігін және IT бағытындағы шеберханалар болады. Барлық сынып интерактивті тақта, компьютер және мультимедиа құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл оқу үдерісін қызықты әрі тиімді етеді.
Қауіпсіздікке басымдық
Жаңа мектептерде бейнебақылау жүйесі, кіріп-шығуды бақылау тетіктері, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар бар. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда.
Барша балаға қолжетімді орта
Мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген. Мұнда пандустар мен лифтілер, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері, кең санитариялық тораптар қарастырылған. Яғни әр бала, қандай жағдай болмасын, білімге тең қол жеткізе алады.
Кәсіпке ерте бағыттау
Оқушылар бастауыш сыныптан бастап түрлі мамандықтармен танысады. Ал 7-сыныптан бастап бейіндік оқыту, жобалық апталар және «Мансап компасы» платформасы енгізіледі. Бұл балалардың болашағын ертерек жоспарлауына көмектеседі.
Мұғалім – негізгі күш
Жоба аясында 3000-нан астам мұғалім біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта барлық ұстаз заманауи әдістеме мен цифрлық технология бойынша оқытылмақ. Сондай-ақ педагогтерді даярлауға арналған арнайы бағдарламалар мен жоғары оқу орындарымен серіктестік қарастырылған.
Кітапхана – білім мен шабыт орталығы
Жаңа мектептерде коворкинг аймақтары, электронды кітапханалар, оқу залдары және медиатекалар болады. Бұл балалардың тек білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік береді.
Таза Қазақстан мектептен басталады
Келешек мектептерде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды мектеп қабырғасынан бастап үйренеді.