Келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі
Астана, NEGE. «Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл ретте «Болашақ» халықаралық стипендиясы тиімді рөл атқаруда. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олардың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосуда. Алдымызда тұрған міндет – осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлтымыздың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.
«Елімізге ғалымдар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер мен басқа да жоғары білікті мамандар қажет. Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы мамандар айрықша сұранысқа ие болады. Инновация мен жоғары технологиялар негізінде еліміздің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатырмыз. «Росатом» компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, – деді Президент», - деді Президент.