Келер жылдан бастап шетелге жұмыс істеуге шығатын қазақстандықтар есепке алынбақ
28 қазанда премьер-министр Олжас Бектенов Адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2027 – 2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, шетелге жұмыс істеуге шығатын қазақстандықтарды есепке алу және олардың жүріс-тұрысын бақылау тетігі енгізілмек.
Үкімет бұл шараны еңбекпен қанаудың және адам саудасының алдын алу мақсатында іске асырып отырғаны мәлім болды. Жоспар бойынша, тетікті 2027 жылдың екінші тоқсанында іске асыру көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанда жүрген шетел азаматтары мен еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жұмысы күшейтіледі. Оларға заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетіліп, құқықтары мен қорғану тетіктері туралы ақпарат беріледі.
Бұдан бөлек, адам саудасының алдын алу үшін еңбек және тұрмыстық жағдайларға мониторинг жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен жұмысқа орналастыру жөніндегі делдалдардың қызметі тексеріліп, бақылауға алынбақ.