Келер жылдан бастап МӘМС мәртебесі жоқ азаматтар да базалық медициналық көмек ала алады
Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіруге қатысты бұйрық жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы қаңтардан бастап қазақстандықтар емханаға алғаш рет жүгінген кезде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, базалық медициналық көмек ала алады.
Астана, NEGE. Министрліктің нақтылауынша, оның ішіне жалпы қан және зәр талдауы, артериялық қысымды және денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін өлшеу, ЭКГ, пульсоксиметрия, флюорография, кейбір ультрадыбыстық зерттеу кіреді.
«Осылайша, алғашқы жүгінген кезде тізбеге сәйкес көзделген базалық көмекті алу үшін сақтандырылған мәртебесінің болуы талап етілмейді», – делінген құжат түсіндірмесінде.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл шара МСАК деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшуге байланысты енгізіліп отырғанын атап өтеді. Нәтижесінде алғашқы медициналық көмек қолжетімді болады.
Тағы бір жаңашылдық – пациенттерге автоматты түрде қоңырау шалу жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе арқылы емханалар халыққа қажетті ақпаратты телефон арқылы жедел жеткізе алады.
Ұсынылып отырған өзгерістер, ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, ел тұрғындарының базалық медициналық көмекке қол жеткізуін жеңілдетуге және емхана деңгейінде медициналық қызметтерді алудың қолайлылығын арттыруға бағытталған.
Бұйрық жобасы 23 қазанға дейін ашық талқылауға шығарылды.