Кексельдің ісі НЕГЕ тоқтап қалды?
Кеше адвокат Хамида Айтқалиева әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Қ.Қожамжаровтың «тікелей эфирде» көріпкелдік жасағанындай-ақ, Кексельге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы бізге тергеу хабарлады».
Айтқалиеваның айтуына қарағанда, Қожамжаров Кексельге қатысты іс тоқтардан 15 күн бұрын алдын ала мәлімдеме жасаған. Бұл туралы Айтқалиева былай дейді: «Бір қызығы, қылмыстық істі «бұру» Қожамжаровтың мәлімдемесіне дейін басталған. Істі қысқартатынын түсіндік, бірақ мұнша бассыздыққа барады деп күтпеген едік. Уақытынан бұрын әрі елдің алдында жария түрде мәлімдеме жасау – өзінің «суға салса – батпайтынына, отқа салса – күйметініне» сенімді және елдің алдында қаншалықты құдыретті екенін көрсетуге ұялмайтын адамның ісі. Қожамжаров мәлімдеме жасаған күндері бізге Бас прокуратураның тергеу ісін созбайтыны белгілі болды. Бұл істі бұдан әрі тергеуге бөгет жасайды. Бірақ біз қаулымен танысқан жоқпыз. Әдетте Бас прокуратура ақылға қонымды мерзімдердің бәрін ұмытып, тергеу толықтай іс-әрекетсіз отырса да, мерзімді екі-үш айға алдын ала созып тастайтын. Енді міне, принципті бағыт ұстана қалыпты. Бірақ енді Ішкі істер министрі не айтса да, ол басқаратын ведомство абыройсыз қалды. Өйткені іс қысқаратынын Қожамжаров 15 күн бұрын тергеушінің сөзіне сүйеніп айтып тастаған. Жоғарыдағылардың өзара келіскенінің дәлелі осы емес пе? Елдің алдында комедия көрсетілді, әдеттегіше халық ақымақ боп қалды».
Бірақ өжет адвокат мұнымен тоқтамақ емес. Қылмыстық істің қысқартылуына заң жүзінде қарсылық көрсетпек. «Қазіргі немесе бұрынғы жоғары шенділер қанша жерден істі жасырып-жаппақ болса да, тергеу жүргізілді, куәгерлер беттестірілді, олар Е.И.Нәбиевтің шындықты айтқанын мәлімдеді» дейді Айтқалиева.
Nege.kz порталы бұған дейін Кексельдің қылмыстық ісіне қатысты «Қожамжаров Кексельді НЕГЕ қорғаштайды?» деген мақала жариялаған. Мақалада: «Осындай қым-қуыт хабарлар ағымына қарап-ақ, Кексельдің ісі талайлардың ұйқысын қашырғанын байқауға болады. Қожамжаровтың өз кадрын қорғаштауы түсінікті де. Өйткені Кексельдің кінәсі дәлелденсе, таяқтың бір ұшы сенаторға да оңбай тиюі әбден мүмкін...» дегенбіз.
Біздің бұл пайымымызды адвокат Хамида Айтқалиева өз сөзімен бекітіп бергендей болды.
Nege.kz