ҚазҰУ басшылығына қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды
Nege
.kz порталында әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де бюджеттің миллиондаған қаржысы ұрланғаны, Қылмыстық істің белгісіз себептермен алға жылжымай тұрғаны туралы мақалалар жарияланған. Бүгін қылмыстық істің қайта қозғалғаны белгілі болды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Тақырыпқа орай: Смета сиқыры: ҚазҰУ-дың 850 миллионы қайда?
Сенат депутаттарының ресми сауалына ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов былай деп жауап берді: «Бас прокуратура Парламент Сенаты депутаттарының «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» ШЖҚ МКК бірқатар құрылыс нысандарына жобалық-сметалық құжаттаманы əзірлеу кезінде бюджет қаражатын игеру мəселесі бойынша шаралар қолдану туралы сауалын қарады. Аталған дерек бойынша, 2018 жылдың 27 сәуірінде ҚазҰУ басшылығына қатысты ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша 1 500 орындық жатақхана, инновациялық кластер жəне медициналық орталық құрылысына жобалық-сметалық құжаттама əзірлеу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс бойынша тартылған «Алматыгипрогор-1» ЖШС маманы жұмсалған қаражатының негізділігін растап, мемлекетке шығынның жоқтығын анықтады».
- Тақырыпқа орай: «Дымқыл іс»
Бас прокурордың айтуынша, осыған байланысты 2018 жылдың 27 қыркүйегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстың құрамы болмауына байланысты қысқартылған.
«2019 жылдың 12 қарашасында Бас прокуратура бұл шешімнің күшін жойып, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандарын тарту (мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы ҚазҰУ-дың сақтауы мəселесі бойынша) жəне тиісті сот сараптамасын жүргізу (жобалық-сметалық құжаттама əзірлеу бойынша жұмыстарды іс жүзінде орындалуына) туралы нұсқау берілді. Қылмыстық іс одан əрі тергеу үшін Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған. Тергеу барысы бақылауға алынды», – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Сенаторлардың ресми сауалына 2019 жылдың 18 желтоқсанында «Время» газетінде және Nege.kz порталында жарияланған мақалалар түрткі болған.