Қазір тұрғын үй емес, сатып алушы тапшы – қаржыгер
Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік бәсеңдеп, жоғары ипотекалық мөлшерлемелер баспанаға сұранысты тежеп отыр. Қаржыгер Әсел Әуелбекова бұл туралы Telegram арнасында айтты. Оның есебінше, құны 40 млн теңгелік баспана сатып алушыға 127 млн теңгеге түсуі мүмкін.
Астана, NEGE. Қаржыгер 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 188 286 тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелгенін атап өтті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға аз. Әсіресе мамыр айында мәмілелер саны 10,5%-ға төмендеген. Алматыда бұл көрсеткіш 51,2%-ға қысқарған.
Сонымен қатар қаржыгер маусым айындағы мәмілелердің 28,4%-ға өсуін нарықтың жандануы деп бағалауға болмайтынын айтты.
«Маусымдағы өсім халықтың сатып алу қабілетінің артқанын білдірмейді. Бұл негізінен зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі өзгергенге дейін азаматтардың қаражатты пайдаланып үлгеруімен байланысты болды», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, тұрғын үй нарығына әсер етіп отырған басты фактор – ипотекалық несиенің қымбаттығы.
«Құны 40 млн теңге болатын пәтерді 20% бастапқы жарнамен, шамамен 24% мөлшерлемемен 15 жылға рәсімдеген жағдайда ай сайынғы төлем 660 мың теңгеге жуықтайды. Банкке төленетін жалпы сома 119 млн теңгеге жетеді. Ал бастапқы жарнаны қосқанда, сатып алушы 40 млн теңгелік пәтер үшін шамамен 127 млн теңге төлейді», – дейді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенімен, бұл ипотеканың бірден қолжетімді болуына әсер етпейді. Қазір банктердегі нарықтық ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 22–25% деңгейінде қалып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда мәселе тұрғын үй тапшылығында емес, халықтың төлем қабілетінің төмендеуінде екенін жеткізді.
«Қазір шаршы метр жетіспейді деп айтуға болмайды. Керісінше, пәтер жеткілікті, бірақ қазіргі бағамен және қазіргі мөлшерлемемен оны сатып ала алатын адамдар аз. Сондықтан бүгінгі нарық – сатып алушылар үшін тиімді нарық», – деді ол.
Әуелбекова инвестициялық мақсатта пәтер сатып алудың да бұрынғыдай тиімді емес екенін айтады. Оның есебінше, жалға берілетін тұрғын үйдің таза табыстылығы 4–5% шамасында болса, теңгелік депозиттер 15–20%-ға дейін табыс әкеліп отыр.
Қаржыгердің айтуынша, қолма-қол қаражаты бар азаматтар үшін қазіргі кезең тиімді болуы мүмкін. Себебі сатушылармен саудаласып, жеңілдік алуға мүмкіндік артқан. Ал нарықтық ипотека рәсімдеуді жоспарлағандарға бастапқы жарнаны көбейтіп, мөлшерлемелердің одан әрі төмендеуін күткен жөн.