«Қазпоштаны» табысқа шығарған Әсел Жанасова көлік министрі болып тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әсел Жанасованы премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі қызметіне тағайындады. Бұған дейін ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

akorda.kz

Астана, NEGE. Жанасова 2022 жылғы қазаннан 2025 жылғы маусымға дейін «Қазпошта» компаниясын басқарды. Оның басшылығы тұсында компанияның қаржылық көрсеткіштері жақсарды.

Атап айтқанда, 2023 жылы «Қазпошта» бес жылда алғаш рет пайда тауып, таза табысы 2,4 млрд теңгеге жетті. Ал 2024 жылы компанияның кірісі 106,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.

Сонымен қатар пошта жөнелтілімдерінің көлемі 26%-ға артып, «Қазпошта» Дүниежүзілік пошта одағының рейтингі бойынша әлемдегі үздік 50 пошта операторының қатарына енді.

2025 жылғы маусымда Жанасова Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылдың желтоқсанында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне ауысты.