13 августа 2025 г. 15:55

Kazinform-105 жыл. «Мұзжарғыш»

Фото: Коллаж NEGE

Бүгін еліміздің ақпарат айдынындағы алғашқы медиаресурстардың бірі – Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толды. Ғасырдан астам уақыт ішінде атауы сан мәрте өзгерген агенттіктің қазіргі құлашы кең, ауқымы зор.

Алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде ашылған. 1925 жылы агенттіктің аты ҚазРОСТ болып өзгерді. Ал 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді.

Арада 60 жыл өткенде, яғни, 1997 жылғы 10 қыркүйекте ҚР Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.

Фото: Kazinform

2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚР Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды.

2008 жылғы шілденің 3-інде агенттік ҚР Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» ұлттық ақпарат холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.

Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында болды.

2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихының жаңа кезеңін бастады.

2020 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ құрамына «ҚазКонтент» АҚ қосылып, қайта ұйымдастырылды.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 2022 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ құрамына қосылды. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен «ҚР Президенті Телерадиокешені» ШЖҚ РМК негізінде жұмыс істейді. Телерадио кешеннің қазіргі директоры – Раушан Жаңабергенқызы Қажыбаева.

Агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде беделін мүлтіксіз сақтап келеді. Агенттік қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде таратылады. Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымыз үшін жаңалықтар латын графикасында және төте жазумен беріледі.

Еліміздің барлық өңірінде ақпарат агенттігінің меншікті тілшілері жұмыс істейді. АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Иорданияда меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.

Фото: Kazinform

Бүгінде Kazinform агенттігі әлемнің бірқатар елімен ақпараттық серіктес. Нақты айтқанда, 45 серіктеспен 47 меморандумға қол қойылған. Олардың қатарында мыналар бар: ТАСС (Ресей), Trend (Әзербайжан), Арменпресс (Армения), Кабар (Қырғызстан), ӨЗА (Өзбекстан), Белта (Беларусь), Yonhap (Оңтүстік Корея), TPS (Израиль), Azertac (Әзербайжан), Монцамэ (Моңғолия), CMG (Қытай), Жэньминь Жибао (Қытай), Ховар (Тәжікстан), WAM (БАӘ), Al-Jazeera (Қатар), Petra (Иордания), Middle East University (MNU) (Иордания), Saudi Press Agency (Сауд Арабиясы), QNA (Қатар), АНИА (ТМД ақпарат кеңесі), Agenzia Nova (Италия), Fakti.bg (Болгария), BTA (Болгария), UNA (Ислам ынтымақтастыңы ұйымы ақпарат агенттіктерінің одағы), OANA (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), Kyodo (Жапония), Синьхуа (Қытай), ИРНА (Иран), Anadolu (Түркия), Petra (Иордания), Жэньминь жибао (Қытай), БРИКС ТВ (Ресей), TASR (Словения), ANI (Үндістан), TDH (Түрікменстан), BREIP (Қытай), Башинформ (Ресей, Башқұртстан), Al-Mamlaka TV (Иордания), Jordan TV (Иордания), VNA (Вьетнам), TV9 (Моңғолия), Novinata (Болгария), Adnkronos (Италия), FENA (Босния және Герцеговина), AnewZ (Әзербайжан), CNA (Кипр).

NEGE ақпараттық-сараптамалық порталының ұжымы Қазақстанның медиа айдынындағы «мұзжарғыштардың» бірі – Kazinform халықаралық ақпарат агенттігін 105 жылдығымен құттықтайды.